Қанат неге қатты айтты?

Express Qazaqstan
vesti.kz

Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 28-інші жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. 21 ақпанда АҚШ-тың Флорида штатына қарайтын Майами қаласында өткен бокс кешінде қандасымыз Қанат Ислам эквадорлық Джейсон Минданы 7-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Кәсіпқой бокста 14 рет айқасқа түсіп, төрт рет жеңіліп, бір мәрте тең түсіп, қалған 8 жекпе-жегінде жеңіске жеткен Минданың Қанат "миын аузына түсіре жаздады". Бірінші раундтан-ақ тықсырып, Джейсонды әбден сілікпесін шығарды. "Бекер адам таз болмайды". Минда да мұрнынан суы аққан бала емес, шамасы келгенше шайқасты. 10 раундқа белгіленген жекпе-жек жетінші раундта тәмамдалды. Қанаттың ауыр соққысынан талмаусырай тізерлеген Минда сол бойы тіктеле алмаған соң рингтегі рефери айқасты тоқтатты.

Жеңіске жеткеннен кейінгі сөзінде Исламның сойы кезекті жеңісін күні кеше Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйдеге өрттен қыршынынан қиылған бес баланың әруағына арнайтынын айтты.

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы бухгалтер мен мұғалімнің бес бірдей баласы өртенген пәтердің ішінде қалып бақилық болған-ды. Әкесі жұмыста болған уақытта декреттік еңбек демалысындағы анасы балаларын үйде қалдырып, есікті сыртынан бекітіп дүкенге кеткен. Қайтып келгенде көк түтіннің арасынан төрт баласын құтқарады, бесіншісін өрт сөндірушілер алып шыққанымен жедел жәрдем көлігінде жаны шығып кеткен еді. Төрт бала да ауруханада көз жүмды. Бір үйдің бес баласы. Алды беске, кенжесі былтыр өмірге келген сәбилер.

Қанат Ислам осы жайтқа жаны күйіп тұрғанын жалпақ елге Майамидің рингінен жеткізді. "Билік басындағыларға айтарым, халықпен бірге болыңыздар, ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ, мен қашанда халқымның жағындамын" деген Қанат не айтқысы келді? Әрине ол да періште күйінде көкке ұшып кеткен бес бала мен әке-шешесі 40 шаршы метр пәтерде тұрып келгенін біледі. Елімізде екі адамның бірінің мойнында банкке берешегі бар, кеңірдектен алар түрлі кредитті сүйреп жүргенін жақсы сезінеді. Халықтың әлеуметтік тұрмысының тынысы күн озған сайын тарылып жатқанын жүрегімен түйсінеді. Одан кейін қалай ашынып айтпайды?

Әуесқой бокста жүргенде 10 жыл бойы миллиардтан аса халқы бар Қытай елінде өзінің салмағында бірінші нөмір атанып, чемпион болған қазақ, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Жұңго жұртына қола медаль олжалап берген оғлан. Одан кейін Қазақстанға қоныс аударды. Құшағымызға қысамыз деп шапанымыздың етегі делеңдегенде дарияны жабатындай болып еді. Азаматтығын ала алмай қаншама әуре-сарсаңмен сарсылды. 2012 жылы өткен Лондон Олимпиадасына Қазақ елінің атынан қатысып, көк туымызды көтеруге талпынды, құжаттық кедергілерден өте алмады.   Содан кейінгі тағдырын кәсіпқой бокспен қабыстырып келеді.

Қанат 2019 жылы намибиялық Уолтер Каутондокваны жеңіп, орта салмақ дәрежесінде WBO International белбеуін иеленген соң жекпе-жекке шыққан жоқ. Жарақаты   сыр берді, басқа да себепмен сайысқа түспеді. Тіпті осы айқасында да қарсыласы ауысты. Миндамен емес, ганалық Ободай Саймен күш сынасуы тиіс болатын. Миндаға қарағанда Сайдың тәжірибесі мол: 35 жекпе-жек өткізіп, соның 31-інде жеңген жуан жұдырық. Бірақ дәл айқастың алдында   Ободай Қанатқа қарсы айқастан бас тартты.

Қанат Минданы жеңгеннен кейінгі сұхбатында мексикалық Сауль Альваресті айқасқа шақырды. Жерлесіміз Геннадий Головкинге қарсы екі рет айқасып, біріншісінде тең тарқасып, екінші айқасында ұпай басымдығымен жеңген еді. Альваресті Жәнібек Әлімханұлы да жекпе-жекке шақырған болатын.

Қанат Исламның жасы 37-де. Кәсіби спортшылар үшін "зейнеткерліктің" де ауылы қыр астында қыр астында тұр. Сондықтан да рекорд жаңартуды емес, тегеурінді боксшылармен айқасқа түсудің жолдарын қарастырғаны жөн менеджерлері мен промоутердің.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров