Әтірді үстіңізге құя бермеңіз. Хош иісті қалай таңдаған дұрыс?

Express Qazaqstan
Ұйымдастырушылар ұсынады

Біздегі көптеген адамдар жынысына қарамастан тым тәтті, ащы және қанық иістерге құмар келеді. Кеңсеге, мейрамға немесе іскерлік кездесуге барғанда, олардың иісі айналасын жайлап алады. Олардың жанында тұрған адамдар кәдімгідей тұншығып қалады, түшкіріп-пышқырады, көзінен жас ағып, тамағы жыбырлап кетеді. Сондықтан әр нәрсенің шегін білу керек. Әтірді үстіңізге құя бермеңіз. Тәтті иістің әсері тіпті сұмдық. Ол келісім-шартты болдырмай, мансап жолымен өсуге кедергі жасап, жеке өмірде де сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін.  

Әтірді қалай таңдаған дұрыс? Адамдар парфюм алатын кезде қандай қателіктер жібереді? Жарнамаға неліктен сене бермеу керек? Тым тәтті иісті қалайтындарға қандай қауіп төніп тұр?

– Адамды сыртқы келбетіне қарап бағалап жатады ғой. Сондықтан сол түрімізге, киімімізге барынша көңіл бөлуге тырысамыз. Бірақ үстімізден шыққан хош иісті жұрттың бәрі бірдей сезіне бермейді, – дейді алматылық парфюмерия стилисі Ксандра Силантье. – Ал иіс айналадағыларға, белгілі бір көңіл-күй қалыптастыруға әсер етеді. Сіз біреуге сүйсіне қарайсыз, біреу сізге сүйсіне қарайды. Алайды дұрыс емес әтірлер мен иіссуларды пайдалансақ, бұл әріптестеріміз бен достарымызға кері әсер етеді. Басқалардың көңіл-күйі түсіп, бізден аулақ жүруге тырысады. Сондай ағаттыққа жол бермес үшін маманның көмегіне жүгінген дұрыс. Ол сіздің барлық сұрағыңызға жауап беріп, өзіңізге дәл келетін парфюмерияны таңдап береді. Айтқандай, елімізде парфюмерия стилистері көп емес. Сондықтан бұл бағытты кеңейту керек.

– Бұл бірегей мамандықтың қандай ерекшеліктері бар?

– Парфюмерия маманы сізге лайық хош иіс таңдағанда, сән ағымдары мен жарнамаға емес, сіздің жеке ерекшеліктеріңізге қарайды. Ол сіздің мінезіңізге үңіліп, қасиеттеріңізді айқындайды. Оның жақсы психолог болуына тура келеді. Тіпті көп жағдайда өзі жаңадан жұпар иістер жасап шығарады. Әр әйелдің сүйікті әтірі бар. Бірақ оны тойға да, басқаға да пайдаланудың қажеті жоқ. Стилист – ғажайып, еліктіргіш парфюм әлеміне өзгеше жол ашатын адам. Ол сізді жайсыз жағдайларға ұрындыруы мүмкін қателіктерден сақтайды. Сүйіктіңізбен алғашқы кездесу қалай өтеді, миллиондарға келісім жасай аласыз ба, жұмыс бойынша әңгімелесуден өте аласыз ба, осының бәрі жұпар иіске де байланысты.     

– Негізі, бұл тақырыптағы көптеген ақпаратты ғаламтордағы форумдардан табуға болады.

– Оған дау жоқ. Бірақ сол жерден алған ақпаратыңыз қаншалықты шынайы болып шығады? Әтір жөнінде қанша жалған аңыз барын білесіз бе?! Мысалы, иіссуды сатып аларда адамдар оны білегіне жағады да, бір-біріне ысқылап жатады. Сонда оның иісін барынша анық білуге болады деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Уқалағаннан парфюмнің күрделі әрі нәзік құрылымы бұзылады. Сондай-ақ, әтірді кеңесшінің өз қолына септірмеу керек. Әр типтегі терілерде иіс әртүрлі болады. Мұның үстіне ол бірден емес, біртіндеп сезіледі. Басында оның жоғарғы бөлігін сезесіз. Жұпар иіс толық білінуі үшін оған біраз уақыт керек. Сондықтан сатып алуға асықпаңыз. Басында бірден ұнаған иіс бірнеше саған өткеннен кейін көңіліңізден шықпай қалуы мүмкін. Сосын, парфюм киіміңізге емес, сізге арналған. Әтірді көйлекке, жейдеге, мойынорағышқа себе берудің қажеті жоқ. Матаға тиген хош иіс оған сіңеді де үйлесімін жоғалтады. Оның үстіне әтірдің құрамында май мен спирт болатындықтан, киімде дақ қалдыруы ықтимал.

Иіссуды дұрыс сақтауға да ерекше көңіл бөлген абзал. Құтыны күннің астына және ыстық әрі дымқыл жерге қоюға болмайды. Ондай кезде жұпар иіс кетіп қалуы мүмкін.   

– Енді парфюмериялық гардеробқа тоқталайықшы.

– Әркімнің өз парфюмериялық гардеробы болуы керек. Бұл жерде атақты адамдарға еліктеудің қажеті жоқ. Құрбыларыңыз ұсынған хош иістерге де көп көңіл бөле бермеңіз. Сондай-ақ, егер қандай да бір әтір иісі әріптесіңізден әдемі боп шығып тұрса, ол сізге де жараса кетеді деген сөз емес. Парфюмериялық гардеробта 20-30 жұпар иіс болуы мүмкін. Бесеумен, онмен де шектелуге болады. Мәселе санында емес, сапасы мен нәтижелілігінде.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров