Аграрлы елде сүт қымбат. Неге?!

Экспресс К
© ТАСС

Қорыта айтқанда, сүт молшылығын жасауға ауыл тұрғындарының да ықпалы көп болар еді. Тек жап-жақсы бастама ретінде көтеріліп, алға ұмтылған шаруаның аяқасты қалып жатқандығы өкінішті-ақ. 

Қазақстан аграрлы мемлекет. Бірақ бізде сүт қымбат, ал ет түске кіреді. Бүгінгі зерттеуіміз сүт бағасы туралы. Ет жөнінде кейін жазамыз. Мәселен, Алматы іргесінде 1 литр сүттің бағасы 250 теңге. Бұрын сүт бағасы жазда арзандап, қыста екі-үш ай ғана қымбаттаушы еді. Қазір қысы-жазы баға өзгермейді. Керісінше, күн сайын қымбаттап отыр. Мысалы, былтыр сүттің бағасы 9 пайызға өскен. Бірақ сүт тұтыну көлемі айтарлықтай азайыпты. 250 теңгеге кім езуінен сүт ағызсын? Еліміз бойынша 2020 жылы 598,5 мың тонна сүт пен кілегей өндірілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артық. Оның 32 пайызға жуығы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, яғни 189,1 тонна. Бұдан бөлек, Алматы облысында 98,9 тонна, Ақмола облысында 94,9 тонна сүт өндірілген.

Қазір барлық облыста сүт қымбат. Сандарды сөйлетсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, шикі сүт бағасы орта есеппен 9,8 пайызға өсіп, литрі 243,7 теңгеге дейін шарықтаған. Сүт бағасының қымбаттауынан оны тұтыну көлемі қысқарды. 2020 жылдың үшінші тоқсанында әрбір қазақстандық 4,6 литр шикі сүт тұтынған екен. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 литрге аз. Ауылдық жерлерде орташа сүт тұтыну деңгейі жан басына шаққанда 8 литр, 2019 жылмен салыстырғанда 2 литрге аз. Қалалық жерлерде әр тұрғын 2 литрге дейін шикі сүт тұтынған. Ал биыл сүт бағасы да қымбат, халықтың тұтынуы да аз.

Ал малы көп Сарыарқаның өзінде бұл түйін түйткілге айналғалы қашан? Жері кең-байтақ, сулы, нулы өлкеде өз-өзін мал өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отырған соң не айтарсыз? Көкшетаудың сауда сөрелерінде көршілес облыстардың, іргедегі Ресейдің сүт өнімдері сыңсып тұр. Басым бөлігі құрғақ сүттен жасалған. Облыстағы малсақ қауымның бағымындағы 420 мың бас қара малдың 16 пайызға жуығы ғана асыл тұқымды екен. Сарыарқада өткен жылы 383 мың тонна сүт өндіріліпті. Сүт өнімдерін өңдеумен небары 15 кәсіпорын ғана айналысқан. Осы кәсіпорындар бір жылдың ішінде 146 мың тонна сүт өнімін дайындауға қауқарлы. Тұтынушылардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да бар. Ірі шаруашылықтардың көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысады. Мәселен, тәулігіне 40 тонна сүт өнімін дайындайтын Целиноград ауданындағы «Родина» шаруашылығы барлық өнімін Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне жеткізеді.

Әлгі 420 мың бас қара малдың 138 мыңы сиыр. Бірақ бір ескере кететін жайт, қолда бар қара малдың небары 16 пайызы ғана асыл тұқымды. Қазір облыста тауарлы сүт өндірісімен айналысып отырған ірі 45 шаруашылық бар. Мәселен, «Родина», «Есіл-агро», «Камышенко», «Белағаш» серіктестіктері. Жеке шаруашылықтар үшін тым ауыр соғатын бұл іске белсене кірісетіндер саны аз. Сондықтан, табыс көзінің бір саласы сүт өндірісі екендігін сыналай айтып кеткеніміз де артық болмас. Мәселен, Бурабай ауданындағы «Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысын небары он сиырдан бастаса, қазіргі күні сауын сиырдың басын 200-ге жеткізіп отыр. Жеке кәсіпкер негізінен мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Соңғы сиырларды Словакиядан әкелген екен.

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов 

«Сүт өндірісін дамыту үшін көп қаражат қажет. Оның үстіне бұл сала тынымсыз көп еңбекті қажет етеді. Тауқыметі де аз емес. Мәселен, өнімділігі жоғары, ұзақ жыл қызмет ететін сүт сауу аппаратуралары, мұздатқыш, мал қорасы. Ең бастысы, мал азығының мықты базасы қажет. Егер өздері мал азығын дайындай алатын болса, салада сонда ғана серпіліс болады. Әйтпесе, жем-шөпті сатып алатын болса, онда өнімнің өзіндік құнына да әсер етпей тұрмайды. Жем-шөп дайындаушылар жұмсаған шығындарының үстіне өз еңбектерін де үстемелеп қосады ғой. Ал өздері дайындаса, пайда болары сөзсіз»,– дейді.

Шеттен әкелінетін малдың дені сүтті тұқым болғанда ғана сүт өнімдерінің  молшылығын жасай аламыз. Оған қоса, жергілікті жерде мал сүмесімен күн көріп отырған шаруалардың қолындағы сауын сиырдың сүтін сатып алуды дұрыс ұйымдастыру.

Бұл бағытта Көкшеде 120-ға жуық арнайы орындар жұмыс істейді. Олар өз жұмысын 2016-2017 жылдары бастаған. Бұл істі біршама оң жолға қойып, үйлестіріп отырғандар ауыл шаруашылығы кооперативтері. Әзірге олардың саны 23 қана. Ал облыстың жер көлемін, мал санын еске алсаңыз, әрине, аздық етеді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, кооперативтер сүт салқындататын тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген. Кейбіреулері сүт таситын көлік те сатып алыпты. Біздіңше, осы бағыттағы жұмысты ширата түсу керек. Облыс орталығының іргесіндегі елді мекендер ғана болмаса, шалғайдағы жұрт мал өнімдерінің пайдасын көріп отырған жоқ. Жеке шаруашылықтар 200-300 шақырымнан 40-50 литр сүтін тасымалдай алмайды ғой. Бұдан шығатын жол, кешкі және таңғы сауынды бір жерге жинап, екі сауынның басын қосып, бір-ақ тасу. Сонда тасымалдау шығыны азайып, сүттің өзіндік құны сәл де болса төмендейді.

Екіншіден, ветеринарлық қызметті жақсарту. Сүт өндірудегі басты мәселені оң жолға қою үшін өңірлік кәсіпкерлік палатасының бастамасымен үстіміздегі жылдың сәуір айында Украинаның Dairy Global Experts компаниясының сарапшы мамандарын тарту арқылы Зеренді ауданындағы «Жақсылық-агро» серіктестігінің базасында  алғашқы ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Бұл арада басты мақсат – инновациялық технологияларды енгізу. Қазір орталыққа бес тауарлы сүт фермасы енгізіліп отыр. Осы заманғы диагностикалық аппарат арқылы мал ауруын анықтауға және емдеуге мүмкіндік мол. Алдымен жұмыстың технологиялық картасы әзірленген. Сауын сиырларды мал азығымен қамтудың толық түзілімі жасалған. Олқы тұстарды анықтайтын аудит жүргізілген. Дегенмен, көптеген малсақ қауымның ветеринарлық қызметке қолжетімділігі әлі де мәз емес. Осы себепті Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктестігінің базасында дәл осындай орталық жұмысы қолға алынып отыр.   

Сауда сөрелерінде құрғақ сүттен жасалған өнімдердің сыңсып тұруының бір себебі, бұл өнімдердің ұзақ уақыт сақталатындығында. Тіпті мұздатқыш та қажет емес екен. Айлап тұра береді. Ал табиғи таза өнім тоңазытқышқа салған күннің өзінде 2-3 тәулікке ғана шыдайды. Сондықтан, азық-түлік дүкендерінің иелері ұзақ уақыт сақталатынына ұмтылады. Жергілікті өнімнің жолын кесіп тұрған бір жай осы. Екіншіден, ең бастысы, тұтынушының сұранысын толық қанағаттандыра алмау. Ол үшін тығырықтан шығатын жалғыз жол – мал басын өз төлі есебінен асылдандыру.

Шаруасы шалқыған шетелдердің өзінде қолда бар малдың барлығы асыл тұқымды емес. Тіпті біз тұқымынан тәбәрік әкеліп жатқан Еуропа елдеріндегі малдың 35-40 проценті ғана асыл тұқымды. Қанша жыл қарекет еткенде, біздің осы деңгейге жете алмай отырғанымыз, шаруаны ұйымдастырудағы шалағайлығымызды көрсетеді емес пе?..

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров