Наряд та, кезек те жоқ. Еліміздің жауынгерлері қалай тамақтанады?

Express Qazaqstan
© Әсет ҚОБАСОВ

Қазақстан әскерінде ешкім аш қалмайды. Мұның үстіне ол жақта әскерилер күнде бір тамақ жеп одан шығып қалмас үшін ас мәзіріне ұдайы өзгеріс енгізіліп отырады.

Қарағандыда орналасқан 6505 әскери бөлімінің жауынгерлерге арналған асханасы 125 орынға шақталған. Тамақ жеуге бөлінетін уақыт – 30-40 минут. Қазіргі үлес ережесіне сәйкес Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі бір сарбазына тәулігіне 1713 теңге бөлінеді. Ал жауынгерлердің өздері асханадағы нарядтан босатылған. Яғни енді олардың ешқайсысы бұрынғыдай түні бойы картоп аршып отырмайды. Тамақтың бәрін азаматтық қызметкерлер жасайды.

Жауынгердің ас-ауқатының құрамы мұқият ойластырылған. Онда бірінші тамақ, екінші тамақ, салат, жеміс пен көкөніс, жұмыртқа, кептірілген жемістер, шырын бар, – дейді «Орталық» аймақтық қолбасшылығы 6505 ә/б азық-түлік қызметінің бастығы, капитан Алексей Миронов. – Аптасына екі рет жаңа піскен нан өнімдері болады. Мысалы, түрлі тоқаш пен шелпек. Сонымен қатар, тағамдардың қайсысы ұнап, қайсысы ұнамайтынын білу үшін жауынгерлер арасында сауалнама жүргіземіз.

Әскери бөлімге біз барған күні, яғни дүйсенбіде ас мәзірі мынадай болды: таңертең – қуырылған ет пен қарақұмық ботқасы, қатық, қант қосқан шәй, сары май, нан, бал, жұмыртқа; түсте – туралған тәтті бұрыш пен пияз қосылған қызанақ пен қияр салаты, сүйегі бар сорпаға дайындалған борщ, палау, нан, алма, жеміс шырыны, компот, жартылай дәрумендер, тоқаш; кешке – қуырылған балық пен езілген картоп, қатық, шәй, қант, сары май, нан, бал, шұжық, ірімшік.

Азық-түліктің сапасы мұқият тексеріледі. Ал дайын тамақтан алдымен офицерлер мен медицина қызметкерлері дәм татып көреді.

Мерзімді қызметте жүрген 23 жастағы ефрейтор Берік Тасболатов Қостанай облысының Лисаков қаласынан келген. Ол туыстарына үйге оралған күні ет асып қойыңдар депті. Оның айтуынша, әскерде жүрген жауынгерлер анасы жасайтын бәліштен тез шығып қалады екен.

Әрине, алғашқы күндері үйренісе алмай жүрдік. Бірақ денеге көп салмақ түседі. Тоқ жүру керек, – дейді сарбаз. – Қазір берген тамақты жей беремін. Бірақ әскердің ас-суы дәмсіз дей алмаймын. Мұнда неше түрлі тамақ жейміз.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров