Ұтыстан шыққан шу


Жексенбіде Нұр-Сұлтан қаласындағы Мәңгілік ел көшесі бір жерде қаптаған көлік пен қаумалаған көпшіліктен кептеліске айналды.
Гәп мынада. Жаңадан ашылмақ гүл дүкені ұтыс өтетінін әлеуметтік желіде жар сала жариялаған. Бас бәйге-қымбат темір тұлпар. Оны ұтудан дәмелілердің көп болғаны соншалық, таңнан дүкен алдына жиналғандардың көші бірнеше жүз метрге созылды.
Бір-бірімен иін тірескен, сығылысқандардың желіде тараған видеосына қарағанда санитарлық талап пен әлеуметтік ара қашықтықты сақтау атымен жоқ. Мұндай абыр-сабырды күтпеген ұйымдастырушылардың өзі абдырағаннан «ұтыс техникалық ақауға байланысты кейінге қалады» деп жиналғандарды таратуға тырысып бақты.
Іле-шала шуға ұласқан гүл дүкенінің ұтысына қатысты Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комиеті пікір білдірді:
«7-ақпан күні Есіл ауданы әкімдігі мен Жергілікті полиция қызметінің өкілдері заң бұзушылықты анықтады. Ұйымдастырушыларға әкімшілік кодекстің 425 бабы, 1 бөлімі бойынша шара қолданылады. Сонымен қатар, бас санитар дәрігердің қаулысын сақтау жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілді».
Бөлісу