«Түрмедегі әйелдерге ерлерден гөрі қиындық көп». Он жыл түрмеде отырып шыққан әйел жұртқа қалай көмектесіп жатыр

Express Qazaqstan
Наталья Иванова / ©ЭК/Татьяна АЛАДЬИНА

Ол темір тордың арғы жағында он жыл болды. ВИЧ-ке шалдыққанын түрмеде отырып білді. Өмірім ойран болды, болашағым жоқ деп ойлады... Бірақ Наталья Иванова өз-өзін қолға алып, жаңа өмір бастады. Қазір ол «Реванш» кешенді қолдау орталығында кеңесші болып істейді. Мұнда жағдайы нашар адамдарға қызмет көрсетіледі.

Наташа білімге қызығып, биге құмартты. Хореографияны оқысам деді. Ал махаббатын 18 жасында жолықтырды. Ғашығы екеуі той мен отбасылық өмірді армандады. Бұған еш кедергі жоқ еді. Бірақ бір күні Наталья ғашығымен бірге есірткінің дәмін татты. Содан кейінгі өмірі ойран болды. Ойлағандары тек есірткі. Ақша жетпейтін болды. Ал есірткіге ақша табу үшін улы шөп сата бастады. Наташаның жігіті есірткінің артық мөлшерінен өлді. Өзі болса, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты.

– Алғашқы апталарда сыбайластарымнан көмек күттім. Өйткені олар «Бәріміз үлкен отбасымыз. Арамыздағы біреудің жағдайы қиындаса, қалғандары міндетті түрде көмектесуі керек» дейтін, – деп еске алады Наташа. – Күндерім жылжып өтіп жатты. Алайда еш нәрсе өзгерген жоқ. Олар маған бір рет те келмеді, сәлемдеме де жібермеді, хат та жазбады. Мұны біреу мені аясын деп айтып отырған жоқпын. Қазіргілер әлгі сөзге құлақ аспасын дегенім ғой. Есірткі саудагерлерінің бірлігі сөз жүзінде ғана. Ал түрмеге қамалсаң, саған анаңнан жақын адам қалмайды. Абақтыға қамалу әйелдерге ерлерден гөрі әлдеқайда қиын. Еркек түрмеге түссе, анасы, әйелі, әпкесі мен қарындасы сөмке толы сәлем-сауқат апарады, оны күтіп отырғаны жайында үйіп хат жазады. Оған тіпті ренжімейді де, оны тіпті кінәламайды да. Ал әйелдерге керісінше қарайды. Түрмедегі жаңа құрбыларымнан тіпті әке-шешесі теріс айналған. Оларға бірден «Түремшік, отбасына кір келтірген қарабет!» деген айдар тағады. Отырып шыққандардың көбі оларды үйінде ешкім күтіп отырмайтынын айтады. Тіпті «келме» дейді екен. «Қайда барсаң, онда бар. Жер кең ғой. Сен қызымыз емессің. Балаларыңды ұмыт, өзіміз бағамыз. Сен сияқты ана оларға керек емес» дейді. Достарымның теріс айналып кеткеніне бой үйретіп бола сала өзімнің ВИЧ-ке шалдыққанымды білдім. Бір қызығы, бұған таң қалған да, қорыққан да жоқпын. Осы дерт маған лайық деп ойладым.       

– Ал ойыңызды өзгертуге не себеп болды?

– Оны айту қиын... Есірткіні артық қабылдап өлмедім, өз-өзіме қол салмадым. Яғни жаратушы иеме мен керекпін. Есірткі менің өмірімді ойран етті. Бірақ мен біреуді осындай тағдырдан сақтандыра аламын. «Реваншта» мені өте жылы қабылдады. Тіпті көз жасыма ерік бердім. Бейтаныс адамдар құшақтап, жылы сөзін айтты. Ешкім менен «Мынау ВИЧ, мынау ауру» деп бойын аулақ салған жоқ. Қазір «Равный – равному» деген бағдарлама бойынша жұмыс істеймін. Жазасын өтеп шыққандар мен ВИЧ-ке шалдыққандармен әңгімелесеміз. Құжатын алуға, емханаға тіркелуге, жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Бірақ жұмыс беушілер адамның түрмеде отырып келгенін білсе болды, одан бас тартады.

Көңіл қуантарлық жайттар бар, әрине. Бірақ жетер жеріне жеткен жоқ. Кейде тіпті дәрігерлер де ВИЧ-ке шалдыққан пациенттеріне дұрыс қарамайды. Журналистер бұған «ХХ ғасырдың дерті» деген айдар тағып, ол туралы неше түрлі сұмдықты айтады. Оның емі жоқ дейді. Медицина бір орнында тұрған жоқ. Бұл ауруға қарсы тегін дәрі беріледі. Нәтижесі де керемет. ВИЧ-ке шалдыққан әйелдердің 99,6%-ы сап-сау бала туып жатыр.

– Осы диагнозды енді білген адамдарға қандай кеңес бересіз?

– Өз-өзіңді тастай салмауың керек. Кінәліні іздеме, ауру екенмін деп отыра берме. Біздің «Реваншқа» келіңіз. Сізді міндетті түрде қолдап, кез-келген қиын жағдайдан шығудың жолын көрсетеміз. Қызметіміз тегін. Сондай-ақ, бізде әйелдер клубы бар.    

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров