Мұнайшылар тағы ереуілге шықты

Express Qazaqstan
©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Ақтөбеде мұнайшылар наразылығы тоқтамай тұр. Бұл жолы «Сағыз Петролиум компания» жұмысшылары жалақыларын көтеруді талап етті.

«Біздің алатын айлығымыз 130-140 мың теңге. Кейібі 110-120 мың теңге алады. Бұл қаржы ипотеканы төлеуге де жетпейді. Сондықтан ең төменгі айлық 200 мың теңге болуын талап етеміз»– дейді, мұнайшы болып істейтін Болатқан Жұмағалиев.

Осы талаптарын арқалап ұйытқыған жел мен үскірік аязға қарамастан алпыс шақты жұмысшы мұнай компаниясының кеңсесінің алдына жиналды. Бірақ суықта бүрсеңдегендерді басшылары ішке кіргізбей қойды. Мұнайшылар ықтасында тұрып, талаптарын еңбек инспекторлары арқылы жеткізді. «Сағыз петролиум» компаниясы Ақтөбе мен Атырау облысында геологиялық барлау және мұнай іздеумен айналысады. Тоғыз бірдей кеніште жұмыс істейді екен. Соған қарамастан қытайлық инвесторлар бекіткен жұмысшылар жалақысы 150 мың теңгеге жетпей отыр. Үш жылдан бері осыны айтып, бірнеше рет арыз жаздық дейді мұнайшылар. Енді шыдамдары бітіп, аязға қарамастан наразылыққа шыққан. Қазір бұл дауға еңбек инспекторлары араласты.

«Қос тарап бәр мәмілеге келуі керек. Егер татуласу комиссиясынан еш нәтиже шықпаса бұлар заңға сәйкес әрі өз пікірлерін айтып, еңбек арбитражына шағымданады. Егер еңбек арбитражында шешімге келмесе онда жұмысшылар сотқа шағымдануына болады»– деді, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев.

Естеріңізге салайық Ақтөбе облысындағы мұнайшылар соңғы бір айда бірнеше мәрте ереуіл ұйымдастырды. Ең алғаш болып «КМК Мұнай» компаниясының жұмысшылары бас көтерген. Олар жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етті. Кейін қытайлық инвесторлар 20 пайызға көтеруді ұсынып, қос тарап мәмілеге келді. Одан кейін «АМК Мұнай» компаниясының жұмысшылары да небәрі 67 мың теңге алақы алатындарын айтып наразылық білдірген.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров