Танымал зілтемірші баспанасыз қалды

Express Qazaqstan
prosports.kz

Ауыр атлетикадан Азия және Универсиада чемпионы Айдар Қазов жергілікті әкімдік берген пәтерінен айрылып қалды. Зілтемірші 2018 жылы кезекті оқу-жаттығуда жүрген кезінде баспанасы сатылып кетіпті.Содан бері Айдардың ашпаған есігі, баспаған табалдырығы жоқ. Айдар Қазов-2015 жылы ауыр атлетикадан Тайландта өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған спортшы. Дүбірлі додадан қанжығасы майланып қайтқан зілтеміршіге сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын. Бірақ, одан бері алты жыл өтсе де спортшы әкімдік берген баспанасына кіре алмай жүр.

«Пәтерді өз атыма жазып, меншік иесі атану үшін құжаттарды рәсімдеу керек болды.Сол кезде құрылыс компаниясының директоры Александр Авдеев жылжымайтын мүліктің банкте кепілде тұрғанын, жуық арада кепілден шығаратынын, содан кейін пәтерді менің атыма рәсімдеуге болатынын айтып сендірді»-дейді, зілтемірші.

Бірақ, онымен мәселе шешілмеген. Компания басшысы әу баста «Мечта»тұрғын үй кешенінен берген пәтерді оған «Қызылжар»тұрғын үйіне ауыстыруын сұраған. Содан кейін ғана жекешелендіруге мүмкіндік алатынын айтқан. Көшіп барған жаңа қонысы тек сылақпен ғана тұрыпты. Спортшы өзі жөндеу жасап, енді атына рәсімдемекші болғанда Александр Авдеев қашқақтай берді,-дейді спортшы. Кейін оқу-жаттығуға кеткенде тіпті пәтерді сатып жіберген. Ал айдай әлемге жар салып, пәтер кілтін тапсырған әкімдік енді басын алып қашуда.   

Александр Авдеев өзі сыйлап берген пәтер. Әкімдіктен қаржы ол пәтерге бөлінген жоқ. Спорт басқармасынан бізге ұсыныс хат түсті. Сол құжат негізінде Қазовқа біз қызметтік пәтер бердік»-дейді, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин.

Ал Айдар Қазовқа пәтер сыйлаған кәсіпкер енді басқаша сөйлеп тұр. Ол спортшыға қымбат сыйлық жасауды әкім-қаралар менің мойныма жүктеп қойды дейді.

Спортшыға сыйлық жасайсың деп маған қолқа салды. Пәтер алып беруге менің жағдайым келмейтінін айттым. Бірақ әкімдік кейін қаржысын қайтарып береміз деп уәде еткен. Қазір ол облыс әкімінің орынбасары болып кетті. Ал уәдесін сол күйі ұмытты. Енді соттасып жатырмыз»-дейді, спортшыға өз қалтасынан пәтер сыйлаған кәсіпкер Александр Авдеев.

Осылайша әлемдік деңгейде Қазақ елінің намысын қорғап, көк туын желбіретіп қайтқан жас спортшы алты жылдан бері баспанасыз жүр. Шенділер мен қалталы кәсіпкердің әділетсіздігіне күйінгенде спортты біржола тастап кеткім келеді дейді Айдар Қазов.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров