Жанымызды жаралай бермеңіздер! Жаңатастағы түтінге тұншыққан бес баланың туыстары үндеу жариялады.

Express Qazaqstan
ҚР ТЖМ

Жаңатастағы түтінге тұншығып қаза тапқан бес баланың туыстары халыққа үндеу жолдады. Қайғылы жағдай жайында қайталай беру жанымызға батады дегендер жараның бетін тырнай бермеуді өтінді. «Ешкімге кінә тақпаймыз, болар іс болды, оған көндігуден басқа амалымыз жоқ» деген жақындары , бұдан былай бұл мәселені қозғамауды сұрайды. Өйткені айтылған сайын бес перзенттің ата- анасына ауыр соққы деп КТК телеарнасының тілшілері арқылы өтініш айтқан.

Болған жағдай ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр. Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптаудан мезі болдық дейді қаза тапқан балалардың туыстары. Тіпті кейбірі жалған мәлімет таратуға кіріскен деп күйінеді. Сондықтан біздің арна арқылы ақпаратты бұрмалаушыларға үндеу тастады.

«Әлеуметтік желідегі анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, құйтырқы іс жасап жатқандарға да айтарым, тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр» - дейді,қаралы отбасының уәжін жеткізген Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Марқұм балалардың туысқаны бұл біздің бірінші, әрі соңғы мәлімдемеміз болса дейді. Бұдан былай ешкім бізді мазаламағаны, жағдайға түсіністікпен қарағаны дұрыс деген пікірде. Сондай-ақ ол, өрттің неден шыққанын айтып берді.

«Өрттің болғаны, балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа электр тоқ, газ, буржуйка деп біреулер шығып жатыр. Оның бәрі өтірік» - деді, Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Қайғылы жағдай болған үйдің ауласы лентамен қоршалып, далада полицейлер күзетіп тұр. Өйткені пәтердегі өрттің неден шыққанын анықтау үшін іште тергеушілер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Тек осы подьездің тұрғындарына ғана үйлеріне кіруге рұқсат. Ал белгілі болғаны оқыс оқиға болған баспанаға бес баласынан айырылған отбасы оралмайды. Себебі осы жерде тұру қайғыдан қан жұтқан жандарға ауыр соғатынын ескерген туыстары, ерлі-зайыптыны жаңа үйге қоныстандыруды ұйғарыпты.

Қаралы отбасы бізге моралдық, психолгиялық көмек болмаса, қаржылай қолдау қажет емес дейді. Дегенмен жылу жинауға ниет білдірген көпшілікке алғысын білдірді. Ал жергілікті билік жас отбасыға демеушілер көмегімен пәтер алып бергендерін жеткізді.

«Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын жолдайтын болды. Ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажетті жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлар арқылы 3 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді» - деді, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы.

Естеріңізге салайық, үш күн бұрын Жаңатастағы көп қабатты үйдің бірінде өрт болып, үлкені 6 жаста, кенжесі 7 айлық бес бала түтінге тұншығып көз жұмған. Әкесі жұмыста, анасы дүкенге шығып кеткенде балар үйде өздері қалған. Полицейлердің алғашқы болжамы от сіріңкеден тұтанған. Қазір өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау бабы бойынша іс жүріп жатыр. Сенбі күні марқұмдар жер қойнына тапсырылды. Ал, бес перзентінен бірдей айырылған ерлі-зайыпты Үшарал ауылындағы туыстарының үйінде. Олар психологтардың жіті бақылауында.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров