Ауызда жарылған шылым. Электрондық темекінің қауіпті екені туралы жиі айтылып жатыр

Express Qazaqstan
sigaretishe.ru

Қазір жұрт жаппай электрондық темекі мен шылымды қыздыру құрылғыларына көшіп жатыр. Бірақ бұның қауіп төндіріп отырған жайы бар.

Отандасымыз Максим Слесаренко Тұтынушылар лигасына шағым айтқан. Бұған оның интернет-дүкен арқылы алған қытайлық электрондық темекісінің тура аузында жарылып кетуі себеп. Тек шапшаңдығының арқасында еш жері күймепті. Еденге түскен шылымнан тіпті өрт шыға жаздаған. Сондай-ақ, Максим оны қолданудың, сұйықтықтың химиялық құрамы мен ішке тартатын будың қаншалықты қауіпсіз екенін анықтап беруді сұраған.

Бұл мәселені заңгерлер қолға алды. Бірақ, «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрайымы Светлана Романовскаяның айтуынша, олардың әрекетінен түк шықпаған. Бұған жауап беретін адам жоқ. Өйткені жарылыс қаупі бар темекіні сатқан сайттың иесін табу мүмкін емес. Ал ең жаманы – оған айып таға да алмайсың. Өйткені елімізде никотинді қолданудың жаңа жүйесі техникалық жағынан еш реттелмеген. Оған лицензия да берілмейді.

Бұл жалғыз адамның басынан өткен жағдай емес. Светлана Романовскаяның айтуынша, елімізде 400 мыңдай тұрғын электрондық темекі мен шылым қыздыратын құрылғының сан алуан түрін қолданады екен. Бір ғана апта ішінде аталған бірлестікке 76 тұтынушы шағым айтып, жағдайды түсіндіріп беруді өтінген.

Тұтынушылар лигасының өкілдері парламент депутаттарымен сөйлесіпті. Бірақ олардан қайран болмаған. Өткен жылдың қараша айында мүдделі тараптар бас қосып, никотині бар өнімдердің ұлттық техникалық реттемесін жасау керектігі туралы мәселе көтерді. Бірақ ол белгісіз себептерге байланысты әлі күнге дейін созбалаңға салынумен келеді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров