20 жылға сотталған жігіт абақтыда асылып өлді

Экспресс К
©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Ақиқат ақырғы хатында! Ақтөбедегі тергеу изоляторында өзіне қол жұмсаған сотталушының соңғы хатын туыстары тауып беруді талап етіп отыр. Отыз жастағы Талант Әлиев бір ай бұрын камерасында төсек жаймасына асылып өлген болатын. Ал қалтасында хат пен ұялы телефон болғанын қасындағылар айтыпты. Бірақ түрме басшылары айғақ туралы ақпараттың бәрін жоққа шығарды деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ақтөбеліктер арасында «бесінші түрме» аталып кеткен мына тергеу изоляторында былтыр 17 адам өзіне қол жұмсамақ болған. Ал биыл айналдырған бір айдың ішінде екі адам асылды. Олардың бірі аман қалса, екіншісі қайтыс болды. Сотталушылардың туыстары мұндай жағдайға изолятор қызметкерлерінің қысымшылық көрсетуі себеп деп отыр.

Отыз жасында өз-өзіне қол салған Талант Әлиевтің өліміне қатысты тергеудің дұрыс жүргізілмегеніне туыстары сенімді. Олар айғақ затты изолятор қызметкерлері жоқ қылды деп отыр. Ақырғы хатында марқұм бәрін ашып айтқан көрінеді. Өзі өлерінен бір ай бұрын шыққан үкіммен келіспеген. Әлиевке 13 жастағы қызды зорлады деген ауыр айып тағылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Дегенмен, оқушы оған жала жапқанын мойындап, сараптама да оның пәк екенін кейін растаған. Ал изоляторда ол қысымға шыдамай өзін өзі өлтірді дейді анасы.

«Мен баламның өліміне осы бесінші түрменің қызметкерлерінің кінәлі екендігіне сенімдімін. Себебі оның қалтасындағы табылған, жазып кеткен хаты маған берілген жоқ.Ол хатта қызметкерлердің қысымшылық көрсеткені туралы жазылғандығы айтылды»-дейді марқұмның анасы Мейрамгүл Алмағанбет.

Өлгеннен соң марқұмның қалтасында хат пен телефон болғанын камераластары көріпті. Тіпті не жазғанын оқып үлгердік деген екен.   

«Осы адам өліміне қатысты дәлелдерді жасырып жатыр. Сотталушыда хат пен телефоны болған. Енді 141-ші камерада отырғандарға осыны айтқызбау үшін қысым көрсетіп жатыр. Оны күйеулерімізден біліп отырмыз. Шындықты айтпаңдар деп бұйырған»-деді осы түрмеде жазасын өтеушінің әйелі Эльмира Нұржанова.

Бірақ түрме басшылығы өздеріне шаң жуытқан жоқ. Айтуларынша, тексеру кезінде камераластары айғақ заттардың болғанын растамады деп отыр.

«Камераластары тексеру кезінде түсініктеме берді. Олар сотталушыға ешкімнің жақындамағанын, ақырғы хаты болмағанын айтты. Қызметтік тексеру кезінде бейнебақылау камералары толық тексерілді»-дейді Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шәмішов.

Талант Әлиевтің өлімінен соң тергеу изоляторында тағы бір сотталушы төсек жаймасына асылған. Оны дер кезінде қызметкерлер көріп, шешіп алыпты. Екі күн бойы жансақтау бөлімінде ессіз жатқан оның беті бері қарап, қазір ауруханадан абақтыға кері қайтарылған.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров