Аналарды алдаған «ақ сенім»

Express Qazaqstan
vk.com

Өзгенің тағдырынан табыс тапқандар! Алматыда қайырымдылық ұйымы көмектесер деп сеніп, артынан сан соққан көп балалы, жалғыз басты аналар көбейді. Айтуларынша, әлдебір еріктілер ауыр тағдырын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайды. Бірақ, кейін жиналған соманың негізгі бөлігін қалтасына басып, жоқ болады екен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Бес баласымен қуықтай пәтерде күн кешкен Ақайша Бейсенбаева көзіне еріксіз жас алды. Бүлдіршіндердің екеуі мүгедек. Тағдыры қиын екенін естіп, оған «Ақ сенім» атты қайырымдылық ұйымы көмектесеміз дегенде қуанған. Олар келіп, әлеуметтік желідегі жұртқа жағдайын айтқан видео жариялапты. Бірақ, түптеп келгенде «Ақ сенім» сеніміне селкеу түсірді дейді көпбалалы ана: 

«Қаржылай көмек салып жатырмыз, сені көріп жатырмыз деді, елдің бәрі хабарласа бастады. Сосын мен олардан сұрасам сізге ешқандай да көмек түскен жоқ, бір теңге де түскен жоқ деді. Мен сотқа берем, арыз жазам дегеннен кейін біздің видеомызды ол жерден алып тастады.

Ақайшаның айтуынша, оны шулатпау үшін кейін 100 мың теңгедей ғана көмек көрсеткен. Артынша, мүлдем жоқ болған. Әлеуметтік желіде «Ақ сенім» көрсеткен мекен-жайға бардық. Бірақ, бизнес орталықта ондай ұйым атымен жоқ болып шықты. Телефон нөмірлері де өшірулі. Интернеттегі мұндай ақша жинайтын ұйымдардан бөлек, мүгедек балалардың суретін жәшікке жабыстырып, көше кезетіндер де соңғы кезде Алматыда еселеп артыпты.

Заңгерлер алаяқ еріктілердің қақпанына түспеу үшін, алдымен егжей-тегжей ол ұйымды тексеруге кеңес береді. Өйткені, аты бар да заты жоқ, қайырымдылық орталықтарының дені тіптен тіркелемеген де болуы мүмкін. Ал, алдандым деген жағдайда міндетті түрде арыз жазу керек дейді Сергей Уткин:

«Он адамның біреуі ғана арыз жазуға дейін баруы мүмкін. Қалғандары тергеуге уақытын құртқысы келмей қолын бір сілтейді. Негізінен қайырымдылық ұйымдары Әділет министрлігінде тіркелуі тиіс. Қанша табыс түсті, құрамында қанша адам бар, осы секілді ақпаратты қалаған адамның білуге құқығы бар».

Ақайша Бейсенбаева сенімінен шыққан «Ақ сенім» ұйымына өзі секілді өзге аналардың алданып қалғанын қаламайды. Айтуынша, учаскелік полицейге арыз жазғанмен, мұндай істі әкімшілік сот қарайды деп қабылдамай қойыпты. Алматының полиция департаменті де бұл қайырымдылық ұйымына қатысты әзір ешқандай, ешкімнен арыз түспегенін жеткізді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров