Карантиндегі сауықтың соңы қырғынға ұласты

Express Qazaqstan
pixabay.com

Қатардағы ойын клубтарынан бастап ең қымбат мейрамханаларға дейін есік-терезесін тұмшалап, алып түні бойы сауық құрады. Тіпті, тексеріп барғандарға тап беріп, төбелесуге дайын. Карантинге қарамай сауық құрғандар арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Мониторингтік топпен қаланың көңіл көтеру орындарын аралаған телеарна тілшілері бірқатар мейрамханалардың тығылып жұмыс істеп жатқанына көзі жеткен.

Жарығын сөндіріп, есігін сыртынан тарс жауып алған бұл мейрамхананың іші нағыз сауық-сайранның ордасы екен. Келген қонақтардың алды тәтті ұйқыға батқан. Қорқордан тартып, түрлі тағамдарға тапсырыс берген қыз-жігіттер тексерушілерді көрген бойда беттерін тұмшалап, жапа-тармағай есікке қарай ұмтылды. Дәм татып отырған дастарханын тастай қашқандардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар.

Қайрат Нұртас әнші ғана емес, нағыз желаяқ екен. Қонақтардың ішінен ең бірінші боп сытылып шықты. Ал қарулы жасақпен қара тер боп қарсыласқандардың бірі ақыры «Алматы» телеарнасының камерасын сындырып тынды.  

Ал, тәртіп сақшыларынан қашып құтыла алмасын білген Қайрат Нұртас перденің ар жағына тығылып қалды. Бірақ, текетірес мұнымен аяқталған жоқ. Карантин талабын бұзған мейрамхана қожайыны полицияны жағадан алды.  

Айқайдың соңы қып-қызыл текетіреске ұласты. Карантин ережесін пысқырмаған топ полицияға да бағынбай, есікті бұзып шықпақ болды.

Қайрат Нұртас бастаған топты 40 тексеруші әрең дегенде ұстап қалды. Мейрамхана ішінен әрқайсысын біртіндеп шығарып, бөлімшеге алып кетті.   

Әнші бірер күн бұрын ғана Семейде ұсталып, айыппұл арқалап қайтқан болатын. Бірақ, танымал әншіге ол сабақ болмаған сияқты. Онда эстрада жұлдызы Халыққа қызмет көрсету арнайы орталығының басшысымен бірлесіп карантин бұзған. Атап айтқанда, шенеунік ұлына тұсаукесер жасап, әнші қонақтардың көңілін көтерген болатын. Жалпы, өткен түнде дәл осындай 4 мейрамхана мен 1 ойын клубы анықталды. Ішінде 200-дей адам жиналған. Бәріне 87 мың теңгеден айыппұл салынды. Ал, мейрамхана қожайындары 670 мың теңгеден арқалады. 4 күнде 300-ге жуық мейрамхана мен түнгі клуб талапты бұзған екен. 818 адамға айыппұл салынған. Бірақ, соған қарамастан, түнгі сауық-сайран тыйылмай тұр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров