Балталап өлтіріп, өртеп жіберген

Express Qazaqstan
news.rambler.ru

Шымкентте бизнесменді балталап өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген қаскөй ұсталды. 35 жастағы кәсіпкер Аваз Жаналиевтің мүрдесі өз көлігінде отқа оранып жатқан жерінен табылған болатын. Ал, оны өлтіруге 2 миллион теңге себеп болған. Кәсіпкерге жер сатамын деген күдікті үйіне шақырып алып, арқасы мен басынан балтамен ұрған. Содан соң денесін марқұмның көлігіне салып, өртеп жіберген-деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жаназасы шыққан Аваз Жаналиевтің туыстары жақынын өлтіргендерге үш күннен бері қарғыс жаудырып жатыр. 35 жастағы кәсіпкер жұма күні кәсібін кеңейту үшін жер аламын деп, үйінен 2 миллион теңге алып шығып кеткен екен. Кешкісін оның көлігі Сайрам ауылының шетінде өртеніп жатқан жерінен табылды. Сөйтсе, оны танысы жер сатамын деп үйіне шақырыпты. Барған кезде екеуінің арасында жанжал шығып, кәсіпкерді балталап өлтірген. Мұны марқұмның досы Расулмат Әлімқұлов, күдікті полицияға айтып жатқан кезінде өз аузынан естідік дейді.

«Ойы болған ақшаны алуға. Балтамен басынан ұрған. Айналған кезде алдынан тағы ұрады. Кейін үсті қан болғаннан кейін пакет кигізіп, машинаға салдым дейді. Телефонын өшіріп тастадым да үйіміздің жанында қырға қойып келдім дейді».

Одан кейін де тыныш қоймай, өліктің үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Тойотаның жанып жатқанын бәзбіреулер телефонға да түсіріп алған. Өртеп, сайға домалатып жіберем деген жоспары іске аспай қалған қаскөй өзі қашып бара жатқанын көргендер де бар екен. Көп ұзамай ұсталған күдікті қазір тергеліп жатыр.

«Бұл бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 99 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті де ұсталған. Қалған сұрақтарыңызды қазіргі Шымкент қаласы арнайы прокуратурасында тексерілуде»,-деді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Әбдіраманов.

Полицейлер айтпаған күдікті туралы марқұмның туыстары жайып салды. Кәсіпкердің өліміне күдікті Азиз Әлімбаевтың анасы да қатысы бар екеніне сенімді. Себебі, жер сатамын деп алғаш кездескен де күдіктінің анасы дейді. Сондықтан, ол да заң алдында жауап берсін деп отыр.

«Анасын да соттасын. Баламмен кездескен сол, жердің құжаты ұлымда деп алдап,үйіне жіберген де сол. Сондықтан,полицейлер оны да тексерсін. Мен қартайып, ұлымның қызығын енді көремін дегенде баламды жоқтап отырысым мынау енді. Тексерілсін бәрі, қылмыскерлерге барынша қатаң жаза берілуін талап етемін»-деп зар жылап отыр марқұмның анасы Гүлзада Жаналиева.

Айта кетерлігі, қазір қамауға алынған күдікті бұрын да қарақшылық жасағаны үшін сотталып шыққан екен. Ал, бірнеше көлік жуу орталығы бар, арнайы техниканы жалға берумен айналысатын кәсіпкердің денесі, жер қойнына тапсырылды. Оның артында үш баласы мен аяғы ауыр келіншегі қалды.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров