Балабақшадағы кезекті былық: Баланы шашынан сүйреген тәрбиеші видеоға түсіп қалды

Express Qazaqstan
© Рахим КОЙЛЫБАЕВ

Атырау облысындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші 4 жасар қызды шашынан сүйреген. Өрескел әрекеті әлеуметтік желіге тарап, шу тудырды.

Жергілікті «Ақжайық» басылымының мәліметіне сүйенсек, оқиға 5 наурызда Жаңа Қаратон кентіндегі «Балдырған» балабақшасында болған. Видео кадрларынан тәрбиешінің бүлдіршінді алдымен алақанымен ұрып, артынан шашынан сүйрегенін байқауға болады. Кейін тәрбиеші қыздың шашын жинап береді.

Бұл жайтқа қатысты аудандық білім бөлімі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Арнайы комиссия да құрылған. Бірақ, «қабылданған шешім туралы қосымша хабарланады» дегеннен артық Жылыой ауданы әкімдігі артық тіс жармады.

Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі ҚК-нің 140 бабы, 2-бөлігі «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе өзіне осы міндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтің немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға міндетті өзге мекеменің басқа да жұмыскерінің кәмелетке толмаған адамға қатігездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

Ал, басы дауға қалған тәрбиеші оқиғаның ақ-қарасы толық ажыратылғанша уақытша жұмысынан шеттетілді. Балабақшадағы әріптестері оның осы уақытқа дейін ешқандай өрескел әрекетін байқамағанын айтады. Тәрбиеші ретінде жұмыс өтілі бар. Қызметтік тексеріс қорытындысына байланысты оның ары қарайғы жұмысын жалғастыру мәселесі шешіледі.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров