Ажалы автобустан: Шымкентте қаршадай қызды автобус қағып кетті

Express Qazaqstan
Бейнеден кадр

Шымкентте бес жасар қызды автобус қағып, жан тапсырды. Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі бүлдіршінді байқамаған көрінеді. Бұл туралы «Астана» теларнасы хабарлады.

Жол-көлік оқиғасы 11 сәуірде болған. Түскі бірлер шамасындағы уақыт. Куәгерлер кішкентай қыздың жолдың қақ ортасында соңғы сәтте жан жағына жалтақтап тұрғанын айтады.

Әкесінің айтуынша, қызын автобус қаққан күйі он метрдей сүйреп кетіпті. Сұмдық жайтты өз көзімен көрген жүргізуші тек сырттағы халық шулағанда ғана тоқтағанын алға тартады.

«Негізінде қыз астында қалған кезде бәрі шулады. «Астыңа қара, астыңа қара» деп автобусқа. Ал, ол рөлде құлағында құлаққабымен «не болды, не болды?» деді. Түсіп, «иә, неге, не деп жатсыңдар?» деді халыққа»,- дейді куәгер Мадина Ақбаралиева.

Тағы бір куәгер жүргізушінің жолда тамақ жеп келе жатқанын көргенін айтты. Бүлдіршінді көргендер оның жалғыз болғанын, дүкенге кіріп сағыз алғасын базар жаққа қарай бет алғанын баяндады. Әкесі кенжесін кеше жер қойнына тапсырғанын айтты. Телеарнаның хабарлауынша, әкесі қызы базарға оның жұмысына келе жатты-ау деп топшылады.ъ

147 бағыттағы автобус «T-Bus» компаниясына тиесілі. Алайда, тілшілер бағытқа жауаптылардан қандай да бір жауап ала алмаған. Ал, жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері автобустың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспағанын алға тартады.

«Жүргізушінің кінәсі анықталып жатса, келісімшартты бұзу мәселесі қаралады. Ол тергеу амалдары нәтижесіне сәйкес. Сонымен қатар, барлық көлік компаниясына ескертулер жасалды»,-деді Шымкент Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев.

Қазір бұл жайттың мән жайын анықтауға полиция кірісті. 1979 жылы туған жүргізуші қамауда отыр. Оның кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров