Атың шықпаса, Африкаға барып аң аула

Express Qazaqstan
pixabay.com

Айтпақшы, ғаламторда Африкада аң аулайтын сафари туралы ақпарат бар. Сафаридың ағылшын тіліндегі мағынасы аңшылық құру екенін айта кетейік. Сафаридің құны тәулігіне 550 доллардан басталады екен. Біздің ақшамен 230 мың теңгеден көп. 

Африкада аң аулаған қазақтардың видеосы желіні шулатты. Әлеуметтік желіде пайда болған видеода орта жастардағы екі қазақ Африканың орманды даласында аң аулап, қазақша сөйлесіп жүргенін байқауға болады.

Бейнекөрініс ең алғаш YouTube желісіндегі Silk Road арнасында пайда болып, кейіннен барлық әлемжеліге таралды. Онда олардың аң аулап жүргені байқалады. Алдымен біреуі дүрбілі мылтығын оқтап ағаш арасында емін-еркін жайылып тұрған жирафты нысанаға алады. Көзді ашып-жұмғанша әлгі жануар кескен теректей сұлайды. Ал «аңшылар» мәз. Сөздеріне қарағанда, олар бұрын да осында жираф атып жүргенге ұқсайды. Өйткені, оққа ұшқан жануардың өте сирак тұқым екенін, денесіндегі теңбілдің қара екенін айтып, таңданады. Атып алған аңын – яғни жирафтың ұзындығы мен биіктігін өлшейді. Ұзындығы 3, биіктігі 4 метр шығады.

Екінші видеода аңшылықты ермек қылғандар ту биедей семіз зебраны көлікке салып жатады. Өзара әңгімелерінен «қазы-қарта жейтін болдық» деген сөзді құлағымыз шалдып қалды. Ол аздай видео соңында олар жабайы буйволды жергілікті халыққа сойғызады. Әлемжелідегі жұрт қазақтардың қиырдағы Африкаға барып бейуаз аңды атып жүргеніне наразылық білдіреді.

Ал Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді. 

Ол «Біздің отандастырымыз экзотикалық жануарларды аулап жүрген видеоны көргеннен кейін, шыны керек, көңіліп құлазып, жаман әсерде қалдым. Білуімше, видео Африкада түсірілген. Мен мұны адамдар мәдениетінің ең төмен көрсеткіші деп білемін. Өкініштісі, жануарларды өлтіру еріккен адамдардың ермегіне айналған сияқты. Біле білсеңіздер, ешкімге мұндай құқық берілмеген! Мұндай оғаш әрекет адам ретінде қатты көңілімді қалдырды, себебі мен жануарлар әлеміне бей-жай қарай алмаймын. Тіпті экзотикалық елдің өзінде адам болып қалуымыз керек. Ешқашан мұндай әрекетті құптамаймын. Ал аңдарға шынымен обал. Егер адамдар аңдарға осылай қараса, онда мұндай азаматтар өз еліндегі жануарларға дәл осындай қатыгездік жасайды», - дейді.

Кейіннен әлгі әуесқой «аңшылардың» арнайы рұқсатпен аң атқаны туралы ақпарат таралды. Әңгіме, рұқсаттың бар-жоғында емес, даланың сұлулығын қолмен бұзып, аяусыздықпен қыруында. Ақшасы бар адам не істемейді? Қара құрлыққа барып жираф атып, зебраның етін жемек түгілі, айға ұшса да таңданбайтын болғанбыз. Бірақ әлеуметтік желідегі жұрт жауыздықты жарнамалап, оны интернетке салып, мақтанған қазақтардың ісін ешкім дұрыс екен деп жатқан жоқ.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров