Боғауыз басшы жұмыстан қуылды

Express Qazaqstan
aptekarski.pl

Шымкентте қызметкерлеріне күн көрсетпейтін балабақша меңгерушісі қызметінен қуылды. 

Бір орында тапжылмай тоғыз жыл отырған боғауыз басшы денсаулығына байланысты жұмыстан босатылыпты. «Еркеназ» мемлекеттік балабақшасының меңгерушісіне бүкіл ұжым қарсы шыққан болатын. Өйткені Зина Молдақұлова ұжымды ұршықша иіріп, бәрімізді балағаттайды дейді ашынғандар. Мәселен, меңгерушінің тәрбиешілерді хайуанға теңеп, малсыңдар деп айқайлағанын қарамағындағылар таспаға жазып алған. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан басшы тіпті бір қызметкерді ұрып та жіберген. Ауыр күйзелістен, аяқ-қолы істемей қалған келіншекті жедел-жәрдем қызметі ауруханаға алып кеткен.

«Бас көтеріп шыққан тәрбиешілерді басынан шапқандай жоқ қылып жібереді. Жұмыстан шығарады. Мүмкін мені де шығарып жіберетін шығар. Адамның намысын қорлап, әсіресе екіқабат келіншектерді мүлдем аямайды»-дейді тәрбиешінің көмекшісі Әсия Дәуеева.

Әбден зәрезап болған тәрбиешілер жалақының жартысын ғана үйге апарамыз деп жыларман болды. Өйткені меңгеруші дәретхана қағазынан бастап, антисептик пен балалар ойыншығын сатып алуды да қарамағындағылардың мойнына жүктеп қойған.

«Ойыншықтарды үкімет бермесе, балабақша қызметкері сатып алу керек деген заң бар ма? Антисептик пен масканы да өзіміз сатып аламыз. Айлығым 97 мың теңге. Соның тек 50 мыңына несие төлеймін. Қалғаны балабақшаға жұмсалады»,- дейді осында тәрбиеші болып жұмыс істейтін Шәрбат Сәуірбаева.

Боғауыз басшы балалардың тамағынан да ақша үнемдейтін көрінеді. Балабақшадан баламыз аш келетіндіктен, асхананы тексеріп көрдік дейді ата-аналар. 150 баланы тауықтың сылдыр-су сорпасымен тойдырып, күрішті суға бұқтырып береді екен. Алайда Зина Молдақұлова айтылған айыптардың бірде-біреуін мойындамады. Керісінше ұжымдағы ұрыс-керісті әлдекімдер әдейі ұйымдастырып, мені бопсалады дейді. Ал қызметкерін не үшін ұрып, тәрбиешілерді хайуанға теңеуінің себебін түсіндіріп бере алмады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров