Қаладағы «жабайы өмір»

Express Qazaqstan
YouTube сайтынан кадр

Алматы шетіндегі Тастыбұлақ ықшам ауданының тұрғындары не істерін білмей шырылдап жүр. Гәп мынада. Дәл қыс алдында кәріз жүйесі мен су құбырын тарту жұмысы басталып, көшелердің астан-кестеңі шыққан. Жоспар бойынша асфальт төселуі тиіс еді. Бірақ, кейінге шегерілгендіктен, енді олар күн жылығанда еріген жолда батпақ кешіп өмір сүруге мәжбүр.

Он бестей көшенің күйі жоқ. Ақпанда күн жылынғаннан бері лайды таптап, судан аттап, қала деген аты болғанмен, оған сай инфрақұрылымы жоқ жерде күн кешуде. Кәріз жүйесі реттеліп, су құбыры жүретініне о баста қуанған жұртшылық көңілін мына батпақ су сепкендей басты. Асфальт төсеудің көктемге қалары бар, әкімдіктіктегілердің аспаннан түскендей неге бәрін ескермегеніне көпшілік қапа. Жергілікті тұрғындардың бірі Гүлнәр Ескелдинова өз қыжылын былайша өрбітеді: 

«Қара айранның ортасында ойрандап жүрміз. Магазин менен елу метр. Балаларымды жібермеймін, көлікпен барамыз. Өйткені, батпақта бұл жермен жүрудің өзі мүмкін емес. Қаншама рет әкімдікке айтқанмен, еш көмек жоқ».

Жол талғамайтын көліктер болмаса, мына тар жолда тайғақ кешумен жеңіл темір тұлпарлар жүре алмайды. Адамдар амалсыз аяқтарына пакет орап, балаларын арқалап, өлместің күнін кешіп жүр. Мердігер компанияның өкілі жоспар бойынша барлық жұмыс желтоқсан аяғына дейін аяқталуы тиіс екенін алға тартады. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты жолдың жұмысы көктемге шегеріліпті-мыс. Оның үстіне мұндай батпақта жүрудің қиындауына көшелердің тарлығы да себеп екен.

Тастыбұлақ ықшам ауданындағы кәріз жүйесі, су құбырын жүргізіп, асфальт төсеуге тапсырма берген «Алматы-су» мекемесі тұрғындардың әзір шыдаудан басқа амалы жоқ, күн жылып, жер қатқасын бірақ асфальт төселіп, бәрі қалпына келеді деп әңгімені жылы жапты.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров