Желге ұшқан миллиондар!

Express Qazaqstan
facebook.com

Алматы облысының Қаратал ауылында жаңа мектеп жарамсыз күйге түсті. Жарты миллиардтай бюджеттен ақша бөлінген білім ордасының едені опырылған, қабырғалары қақыраған соң есігіне амалсыз құлып салынды. Соған жапсарлас орналасқан жаңа амбулатория да қазір жабық. Қыруар қаржыға салынған ғимарат қазір қаңырап бос тұр.

Сырты бүтін көрінген, іші бүлінген бұл мектеп былтыр желтоқсаннан бері жабық. 2014 жылы бюджеттің 430 млн теңгесіне соғылған ғимараттың қазіргі сиқы осы. Қақыраған қабырға мен қисық еденге қарағанда жер сілкінісі болғандай. Қараталдағы ескі мектеп қасынан ашылған жаңа ғимаратта спортзал, асхана мен бастауыш сыныптардың оқытатын кабинеттер орналасқан. Алайда, бар жоғы бірнеше жыл істеген мектеп қазір жарамсыз күйде. Мектеп директоры Ғалия Мақыпбекова бұл жайға қатысты өз пікірін білдірді: 

«Қолданысқа бергеннен бастап, бірінші жылдан бастап жарылыстар ақырындап-ақырындап пайда болды. Бірақ, оны енді бірінші жылы болғандықтан, өздері келіп ПроЭксГрупп деген компания жасады. Олар өздері келіп, бәрін түзетіп кеткен. Ал, бірақ сол жарықтар жылда-жылда пайда бола берді».

Бір қызығы, едені шіріп, қабырғасы жарылып жатқаны жайында 2018 жылдан бері айтылғанмен, мектепті әлі апатты деп танымаған. Техникалық жағдайын анықтайтын сараптамаға өтінім берілгенімен, үш жылдан бері әлі қорытындысы шықпапты. Құрылысқа тапсырыс беруші Ескелді ауданы әкімдігінің Құрылыс басқармасы. Мектепті балансқа алған Білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шолпан Жақанова қазір іс тергеуде екенін алға тартады:

«Аудандық прокуратурасының ұсынысы бойынша тергеу амалдары да жүргізіліп жатыр. Ескелді аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, бұл істі барлығы біледі».

Барлығы білгенмен, бітіріп жатқандары шамалы сияқты. Бақандай үш жыл өтсе де кінәлі жазасын алмаған Мектептің ендігі жайына қатысты шешім әлі жоқ. Білім ордасы қасынан 2014 жылы ашылған жаңа амбулатория да осындай күйде. 164 млн қазына қаржысы жұмсалған медициналық мекеме іші азынап тұр. Небәрі төрт жылда іргетасы қисайып, 2018 жылы амалсыз жабылған.2015 те сөгіле бастаған қабырға, ақыры 500 шаршы метр ғимараттың түбіне жетті. Республикаға ауыз толтыра мақтаған амбулатория аз уақытта апатты ғимартардың тізімін толықтырды.

Мекеменің апатты деп танылғанына екі жылдан асты. «Сапасыз салынған құрылыс» бабымен іс те қозғалған. Алайда, тергеу екі жылдан бері сағызша созылып бітер емес. Тіптен, сараптама қорытындысы да әлі шықпаған.

Бір ғана Қаратал ауылында қатар тұрған қос ғимарат құрылыс сапасының қандай құрдымға кеткенін көрсететін ескерткіштей. Жаңа мектеп жабылғасын, былтыр ескісін күрделі жөндеуден өткізуге қазынадан тағы да 436 млн теңге бөлінген! 15 ақпан оқушылар жаңарған білім ордасының табалдырығын аттады. Бірақ, бір апта өтпей есік жақтаулары сылағының түскеніне қарағанда жөндеу де жөнді жүрмегендей...

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров