Бағың ашылсын, Бағыс!

Express Qazaqstan
pixabay.com

Ақжолтай жаңалық! Басынан бағы тайған Бағыс ауылы Қазақстанға қосылатын болды. Сөйтіп, бұған дейін Қазақстан картасынан сызылып, елеусіз қалған екі ауыл тұрғындарының бағы жанатын болды. Өзбекстан қайтарған жер Түркістан облысына қарайды. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлады. Порталдың жазуынша, үкіметтің тиісті қаулысының жобасы дайын.

Құжатта Премьер-министр Асқар Мамин: 

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы 10-бабының 1-1)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Үкіметі қаулы етеді: біріншіден, осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өткен жалпы алаңы 795,62 гектар жерді облыс аумағына қосу жолымен Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін. Екіншіден, Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын», – деген.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өзбек елі қайтарған жерлер Кентау қаласының аумағына кіруі мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ аймақ басшысы: 

«Жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді. Түркістан облысының Кентау қаласының жергілікті жердегі шекаралары белгіленеді және материалдар мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізу үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорацияның филиалына жіберіледі. Жобаны қабылдау мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін өзектендіруге мүмкіндік береді», – деді.

Әкімдік берген мәліметке сенсек, Өзбекстаннан бізге қайтқан жер Бағыс пен Хиёбон елді мекендерінің жері. Соның ішінде «Бағыс» кентінің жалпы ауданы 750 гектар, ал Хиёбон қышлағының жер телімі 45,62 гектар. Хиёбон жерінің 37,32 гектары – ауыл шаруашылығы мақсатына арналған. Оның 36,29 гектарын суармалы егістік алып жатыр. 5,6 гектарына тұрғын үйлер салынған.

Ал Бағыста елді мекенге арналған жер телімі 637,86 гектарды қамтиды. Қалған 112,14 гектары – өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс саласына арналған жерге жатады.

Естеріңізде болса, жиырма жылдан бері бұл ауылдарға қатысты түйткіл шиеленісіп, шешілмей келген болатын. Мысалы, журналистер 1500-ден астам адам өмір сүріп жатқан «Бағыс» кенті Қазақстанның картасында жоқ екенін талай мәрте айтып, жазды. Жер ХХІ ғасыр басында-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына кіруге тиіс-тін. Алайда неге екені белгісіз, 205 үйдің тек 17-сі ғана Қазығұрт ауданына тіркелген. Қалғанының тағдыры осы күнге дейін елеусіз қалып келді. Бағыс кенті негізі Сарыағаш ауданына кіреді.

Бағыстықтар күні бүгінге дейін екі ортада адасып, тұйыққа тіреліп, мәселелері шешілмей келген-ді. Кезінде Өзбекстан берген мемлекеттік актілер, үй-жай, қора-қопсы және басқа құжаттар күшін жойған. Ауылдықтар тіпті Қазақстаннан әлеуметтік жәрдемақы ала алмай келіпті. Оның үстіне, құзырлы мекемелер бұл елді мекеннің Қазақстан картасында жоқ екенін алға тартып, қора-жайы мен жер телімдерін тіркеуден бас тартқан. Ол аз десеңіз, бағыстықтар жаңа туған сәбилерін тіркеуге қоя алмады, туу туралы куәлік те ала алмады.

Себебі түсінікті. «Ауадағы» ауыл жұрты мемлекеттік қызмет алу үшін ХҚКО-ға барса, олар үйдің құжатын әкелуді талап етеді. Тұрғындар ескі құжаттарын апарса, базадан оны таба алмай «бұл туралы дерек базасында, ақпараттық жүйеде ешқандай мәлімет жоқ» деп, қызмет көрсетуден бас тартады. Қажетті құжаттардың жоқтығынан Бағыста жаңа мектеп салынбады. Ескі мектептің қабырғасы қақырап, едені мүжіліп, апатты жағдайда тұр. Тіпті, ауылға газ тарту үшін әр үйдің құжаты ретке келтірілуі қажет. Құбыр бар, бірақ газ тарату қондырғысы жоқ. Мұндай шешімін күтіп тұрған мәселе көп. Енді Үкіметтің қаулысы қордаланған осындай біраз мәселені шешуі мүмкін.

Бағыс қарайтын Ақжар ауылдық округінің әкімдігі тұрғындарға көмектесудің, олардың үйлері мен жер учаскелерін тіркеудің қам-қарекетін жасау үшін біраз талаптанған. Нәтиже шығара алмапты. Жоғарғы жаққа хаттар жолданғанмен, мәселенің шешімі сөзбұйдаға салынып келіпті.

Бұған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараға қатысты келісімдер топтамасының толық ратификацияланбауы кесірін тигізіп отырған көрінеді. Енді Бағыстың бағы ашылуы мүмкін!

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров