Бейіт бейнеті: Алматы облысы, Көксай ауылының тұрғындары зират ортасында қаламыз деп шағымданды

Express Qazaqstan
© Асқарбек ҚАЗАНҒАП

«Үйіміз зират ортасында қалар күн қашық емес!» Алматы облысы, Көксай ауылының тұрғындары жапсарлас тұрған қорым толғанмен, әлі күнге адамдарды жерлеп жатқанына шағымданды. Айтуларынша, ауыл ақсақалының бірі әкімдікпен ауыз жаласып, ойына келгенін істеп жатыр. Сондықтан да, бейіттердің бір шеті үйлерінің іргесіне жетіп қалған.

Көксайдағы қорым мен үйлердің арасын қоршау ғана бөліп тұр. Оны тұрғындардың өзі амалсыз көтерген. Аузы-мұрнынан толған зират жайлап жылыстап, өлгендердің мекенін тірілердің тұрғын жайына жақындатып жатыр.

«Олар бизнеске айналдырып алды. Тоқтамайды, бағынбайды ешкімге. Әкімшіліктің адамы келді, тоқтат деді, оған да бағынбайды. Жоқ, өзіміз білеміз деп бет бақтырмай отыр»,-дейді жергілікті тұрғын Азамат Орынбетов.

Көксайлықтар осыдан бірнеше жыл бұрын зиратқа енді ешкім жерленбейді деген атқамінерлер сөзінде пәтуа жоғын айтады. Мұнда кімді қайда, қаншаға орналастыратынын ауыл ақсақалы шешеді екен. Бір қызығы аумақ құжат жүзінде әкімдікке тиесілі. Осында жеткен ауыл әкімінің орынбасары үй мен қорым арасы заң бойынша қанша метр болуы керек екенін біле тұра жағдайды өзінше түсіндірдіп бақты:

«Үш жүз метрдей болуы керек қой. Кезінде беріліп кеткен ғой мына жер. Қорым болған кезде мына үйлер болмаған ол кезінде»,- деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Серік Үмбетәлиев.

Тығырықтан шығар жалғыз жол-жаңа зиратқа орын бөлу. Әкімдік қарастырудамыз, ал әзір мына қорымға ешкімді жерлеуге рұқсат бермейміз деп отыр. Бірақ, бұл уәдеге тұрғындардың сенгісі жоқ.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров