Ауыз судың ашу-ызасы

Express Qazaqstan
ҚР ТЖМ

Түркістан облысының Төле би ауданындағы 10 шақты ауыл енді 3-4 жылда шөл далаға айналуы мүмкін. Өйткені өңірдегі цемент зауыты іргедегі кенішті тереңдете қазып, артық тас алғандықтан таудан ағып келетін бұлақтар тартылып, жер асты суының қоры мүлдем азайып кеткен. Бұл туралы Қазақстан ұлттық арнасы хабарлаған, сусыз қалған жұрт егін салып, мал бағуды да қойыпты. Бүйте берсе ішетін қара суға да зар болып, ауылды тастап көшеміз бе деп қорқады.

Цемент зауытының қожайындары бұл жерді осыдан 60 жыл бұрын кеніш ретінде қаза бастаған. Жарты ғасырдан артық уақытта алып аймақтың табаны 150 метрге дейін төмендеп кеткен. Сөйтіп, төңірегі өзен мен бұлақ, жер асты суы қазір осында құйылып жатыр.

Бұл өңір бұрын бұлақ-бастауы мол, сулы аймақ болған. Ақбастау, Ақжар, Талдыбұлақ пен Көз ата, Көк бастау мен Тамшы бастау. Қошқарта мен Жаман бұлақ. Қазір осы 8 бұлақтың тек атауы ғана қалыпты. Бастауы құрғап, арнасы қаңсып жатыр. 350-ден астам шаңырақ тіршілік ететін Ақбастау ауылы енді жалғыз Қотырбұлақтың суына қарап отыр. Оның өзі ауылдың жартысына әрең жетеді.

Ақбастау ауылының тұрғыны Әбдімомын Тоқтағұлов: 

«Сол бұлақтардың көзінің жабылып, біз бақшаны суарудан да, мал суарудан да қалдық. Енді келешегі ауыз суға да зар боламыз ба деп отырмыз. Егер ол құрыса, біз мүлдем шөлде қаламыз» - деп күйінеді. Бұлағы тартылып, өзені сарқылған Ақбастау емес. Тағы оншақты ауыл бар. Олар да тап осы күйде. Өзегі талған жұрт кеншіте жарылыс болған сайын үреймен отырады. Жойқын дүмпуден кейбір үйлердің қабырғалары жарыла бастаған. Ұйымшыл ауылының тұрғыны Бибосын Елтаев «Біз осы жерден 12-13 шақырым жерде тұрамыз. Жарылған кезде тереземіз дірілдейді. Гүрс еткенде соған дейін жетеді» - деп, қорқынышын жайып салды.

Ашынған ақбастаулықтар цемент зауытының басшылығына неше мәрте барған. Ондағылар айтқандарын жүре тыңдап, құлаққа да ілмепті. Амалсыз жуырда экология депратментіне арыз жазды. Экология департаментінің бөлім басшысы Мәди Қожатайұлы «14-сәуірден бастап жоспардан тыс тексеру жүргізуге прокуратураға акт жолдадық. Сол акті тіркелгеннен бастап жоспарлы тексеру жүргізіледі» - деп сендірді. Мамандар кеніш орнынан сынама алып, зертханада сараптап көрмек. Оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады дегенді айтты.

Сусыз қалған ауыл жұртының зары мұнымен бітпейді. Тағы да сол Түркістан облысы. Өңірде 14 ауыл өзен арнасын қазып, пайда тапқан пысықтардың кесірінен ауыз сусыз қалмақ. Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіне қарасты елдімекендер бірнеше жылдан кейін мүлде ауыз сусыз қалуы мүмкін. Мұндағы халықтың айтуынша, бұған жеке бас пайдасы үшін Келес өзенін күндіз-түні қазып, түбінен шыққан тасты тонналап сатып жатқан әлдебір топтың әрекеті себепші болып отыр дейді.

Қызыләскер ауылының тұрғыны Жанболат Сәмбетовтің аталған мәселені көтергеніне бір жылдан асса да, өз сөзінше жергілікті билік оның зарына мүлдем құлақ аспаған. – Қазығұрт өзенінен бастау алып, дарияға құятын Келес өзенінен алынатын тасты көп қазудың салдарынан өзен арнасын жоғалтып, су деңгейі азаюда – деп, бастады әңгімесін. 

«Егер мемлекет карьер қазуды жалғастыра беретін болса, ауыл халқы, диқандар аз уақыттан соң сусыз қалайын деп тұр. Карьер қазылып жатқанына 10 жылдан асты. Кейбір ауыл тұрғындары өздері шығып, тас қазуды тоқтатқан. Дәл қазір біз тұратын Ақтөбе ауылдық округінің Қызыләскер ауылында қазылуда. Тасты қазып жатқан кәсіпкерлер бір камазын 15-20 мың теңгеден сатуда. Ауданға тағайындалған экологтың өзі осылармен сыбайлас болуы мүмкін. Тас қазушылар түнде де жұмыс істейді. Менің есептеуімше, бір түнде бір карьерден 300 камаз тас шығарылады. Қызыләскерде 7 карьер бар. Олардың бір күндік табысы 1-2 миллион теңгені құрайды», - дейді.

Тұрғындардың болжамынша, судың қазіргі деңгейі 5 метрге дейін түскен. Егер, тас алу осылай жалғаса берсе, бұлақтардың суы тартылып, бөгет қою мүмкін болмайды. Шағымданушы тұрғынның айтуынша, құзырлы органдар табиғатқа жасалып жатқан қастандықты көріп отырса да, көзін тас жұмып алғандай. Ауыл белсенділерінің айтуынша, Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасы «Карьерлерді заңсыз қазу мәселесімен Экология департаменті айналысып, шара қолдануы тиіс» десе, Экология департаменті кез келген тексерісті, оның ішінде экология саласындағы тергеп тексеруді де полиция қызметкерлері жүргізуі тиіс болғандықтан, қоластындағы қызметкерлердің басын қатерге тіге алмайтынын айтқан. Ал облыстағы экологиялық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Тұмабаев жауапкершілік Экология департаменті мен лицензия беретін жергілікті атқарушы органның мойнында дегенді алға тартты.

Осылайша, Келес өзенінің арнасын бұзып жатқан тас қазушыларды кім тоқтатаныны сол күйі анықталмады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров