Жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісіне пышақпен атылған

Express Qazaqstan
©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Алматы облысында жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі оңбай таяқ жеді. Дәрігерлер кезекті шақыртумен мекен-жайға жеткенше, науқас қайтыс болған екен. Сол марқұмның ұлы жедел жәрдемге кешігіп жеттіңдер деп кінә артыпты. Айқайдың арты төбелеске ұласып, тіпті ашулы жігіт пышақ ала жүгірген. Ал, соққыға жығылған жүргізуші қазір ауруханада жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Жүргізуші аяусыз соққыға жығылған жанжал кеше кешкілік болған. Шақыру бойынша құстай ұшқан жедел жәрдем қызметкерлері діттеген жерге уақытынан бұрын жеттік дейді. Өкінішке қарай, 58 жастағы науқастан тіршілік белгісін байқамаған дәрігерлер туысқандарына қаралы хабар естіртеді. Сол сәтте «кешігіп келдіңдер» деп балағаттаған марқұмның ұлы қолына пышақ алып бәрін қуалай жөнелген дейді жәбірленуші фельдшер Сандыбек Елекенов: 

«Біздің шақыртуға келу уақытымыз 15-17 минут аралығында болу керек. Біз шамамен ол жерде 13 минутта болдық. Анау ұлы сендер неге кешігіп келесіңдер деп, жүргізушіме қарай пышақ алып жүгірді. Қайта ол сәтте ол машинаның ішінде болған. Пышақпен келген кезде есікті жауып үлгерді».

Алайда, отағасының өліміне сенбеген туысқандары оны ауруханаға жеткізуді талап етеді. Мұндай әрекеттің заңға қайшылығын айтып түсіндіре алмаған дәрігерлер полицияға хабарласуға мүмкіндік тумады дейді. Ақырында жалаңдаған пышақтан қорыққан жедел жәрдем қызметкерлері олардың дегеніне көнген. Бірақ, көлікке жете бере оңтайлы сәтті күткен жуан жұдырықты жігіт сойқанды бастап кетеді. 

Қаралы үйдің қайғысын сезінген дәрігерлер әріптесімізге араша түссек те артық сөзге келмедік дейді. Алайда, ауруханаға жеткенде марқұмның ұлы көлік тізгіндеген азаматты тағы жұдырықтың астына алады. Ауыр соққыдан есеңгіреп тасқа құлаған жедел жәрдем қызметкері ауруханадан бір-ақ шыққан. 

«Қабылдау бөліміне түскен сәтте басы мен бетіндегі жарақаты анық көрініп тұрды. Толық тексеруден кейін бас сүйегі зақымданып, мұрыны қатты жарақаттанғаны, сондай-ақ миы шайқалғаны анықталды. Қазір жағдайы орташа ауыр деңгейде. Әлі бір апта ауруханада жатуына тура келеді»- дейді травматология бөлімінің меңгерушісі Идрисжан Мансамов.

Айналдырған бір сағаттың ішінде екі рет оңбай таяқ жеген азамат полицияға шағымданған. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушіні жазым ете жаздаған жігіт жазадан құтылмайды дейді. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров