Жол бойында адамды пышақтап кеткен тұрғын ұсталды

Express Qazaqstan
sevbutovo.mos.ru

Түркістан облысында жол жиегінде адам пышақтаған тұрғын ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға болған жерде күдіктіні учаскелік полиция инспекторы құрықтаған. Жағдайды өз көзімен көрген куәгер Жасур Жұмабайдың айтуынша, түнгі уақытта көлігімен кетіп бара жатып, жол бойында топтасып тұрған адамдарды көргесін тоқтаған.

«Жол-көлік оқиғасы болды ма, неге адамдар жиналып тұр деп мен де тоқтап, жақындадым. Бір жігіт жолдың ортасында екінші бір жігіттің мойнына пышақ сұғып, үстіне отырып алып, жібермей тұр екен. Сол жерде тұрған басқа да куәгерлермен бірге екеуін ажыратпақ болып, оның ұстап алған жәбірленушісін құтқарғымыз келіп жақындай бергенімізде қолындағы пышағын бізге сермеп, жақындасаңдар барлығыңды өлтіремін деп маңына жолатпады. Қорыққанымыздан не істерімізді білмей қалдық. Полиция мен жедел-жәрдемге хабар бердік»,-дейді ол.

Оқиға 12-ші наурызда, сағат 23:30 шамасында болған. Ешкімге ырық бермей тұрған есерді Кентау қаласы Полиция бөлімінің учаскелік полицейі Нұрлан Әбдиев ұстай алды.

«Учаскелік полицей болғандықтан сол күні түнгі шақырылымнан шығып, қызмет бабымен әріптесім учаскелік полиция инспекторы майор Біржан Әбубәкірмен бірге Түркістан қаласына кетіп бара жатқан едік. Қарасақ жолдың ортасында адамдар жиналып тұр, жанында көлік тоқтап тұр екен. Анықтап қарасам, белгісіз бір азамат қолында пышағы бар, екінші бір жігіттің үстіне шығып алып, жібермей тұр. Бергі жағында адамдар жақындай алмай үрейленіп тұр екен. Көлік тоқтай салысымен бірден түстім де, қылмыскердің сөзін тыңдамастан бірнеше әдіс-тәмілімді қолданып, әрдайым шынығып жүргенімнің арқасында оны құрықтап үлгердім. Басқа да куәгерлерге зиянын тигізбесін деп әріптестерім келгенше ұстап отырдым»,-дейді Нұрлан Әбдиев.

Ұсталған күдікті Кентау қаласының тұрғыны және бұрын сотталғаны анықталды. Ол жолаушы ретінде көлігінің артқы жағында отырған жігітті жол бойына шығарып алып, мойнына пышақ сұққан. Күдіктінің қолынан жарақаттанған жігіт ауруханада көз жұмды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 99 бабының 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров