Денесін бөлшектеп тастапты

Express Qazaqstan

Бұған келтіретін мысал жеткілікті.

Әлеуметтік желі арқылы танысып, кездесіп, соңында опық жеп жататындар бұрын шетелде болса, қазір біздің елде де көбейіп барады. Соңғысын айтайық.

2021 жылдың 19 наурызында, сағат 20:48-де бойжеткен Қонаев көшесі 43 мекен-жайы бойынша жұмыстан шыққаны соңғы рет бақылау камераларына түсіп қалыпты. Бірақ содан қайтып үйіне оралмаған. Оның үстінде қара куртка, кең қара джинсы, басында қара берет болған. Қолына қызғылт сөмке ұстаған.

Солан екі күн өткенде, яғни 21 наурызда мәйіті табылған. Алматылық Аяжан Еділова өзін өлтірген жігітпен әлеуметтік желі арқылы таныстыпты.

Қыз күдіктінің үйіне өзі барған. Бұл туралы полиция 19 жастағы Аяжан Еділованың өліміне қатысты Алматы Полиция департаменті өкілдері хабарлаған. 

Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов: 

«Алматылық Аяжан Еділова із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар 20 наурыз күні келіп түсті. Іс тіркелген соң, жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 21 наурызда түнгі сағат 22:00-де жоғалған қыздың ең соңғы барған мекен-жайы анықталды. Алатау ауданы Нұркент ықшам ауданында күдіктінің тұратаны белгілі болды. Күдікті 1993 жылы туған Түркістан облысының азаматы. Оның үйіне кіру үшін полицейлер есікті бұзуға тура келген. Пәтерге басып кірген полциейлерді көрген азамат өзіне қол салмақшы болыпты. Жедел жәрдем шақыртып, күдікті ауруханаға жеткізілген. Қазір ол тұтқындалды», – деді.

Бұған қоса, марқұмның бөлшектенген денесі табылғаны расталды. Полицейлердің мәліметінше, күдікті мәйіттің көзін құрту үшін осылай істеген. Ол осылайша қылмысын жасырмақ болыпты. Денесін бірнешеге бөліп, қоқысқа тастаған.

Қайтыс болған қыздың ағасының айтуынша, күдіктінің жоғары медициналық білімі бар көрінеді. Отбасы да оқыған, білімді адамдар сияқты.

Полиция өкілінің айтуынша, күдікті бойжеткенді 19-нан 20 наурызға қараған түні, шамамен 23:00 мен 00:00 шамасында өлтірген. Яғни, қылмыс Аяжан Еділованың жоғалғаны туралы хабар келіп түспей тұрып болған. Бойжеткен денесінің кей бөліктері Алатау ауданы мен Бостандық ауданындағы қоқыс жәшіктерінен табылды. Сот сараптамасы тағайындалды. Қылмыс пәтерде болған.

Көп қабатты үйдің тұрғындары пәтерден адамның айғайлаған дауысын естімеген. Барлығы тыныш болған. ПД таратқан мәліметтерге сәйкес, күдікті мен бойжеткен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ұсталған азамат бұрын сотталмаған. Күдікті осы уақытқа дейін тіпті әкімшілік жауапкершілікке де тартылмапты. Сонда бірінші рет қылмыс жасап отырған адам қалайша өзінің құрбандығын бөлшектеп тастаған?

Полиция өкілдерінің айтуынша, марқұм күдіктімен Badoo әлеуметтік желісі арқылы танысып, үйіне барған. Күдікті мен зардап шегушінің арасында жыныстық қатынас болған-болмағаны белгісіз. Екеуі үш күндей таныс болған. Ер азаматтың сөзінше, олардың арасында жанжал туып, артынша ашуға булыққан ол қызды өлтіріп тастапты.

Үйдің ауласында және дәлізінде орналасқан бейнебақылау камераларында қыздың үйге өз еркімен кіргені анық көрінеді. Қыздың туыстары бейтаныс ер адаммен не себепті кездесуге барғаны туралы бірнеше болжам ұсынып отыр. NemolchiKZ  қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі: 

«Солардың бірі интернет-дүкеннің жұмыстарымен баруы мүмкін деген болжам. Ал осыған дейін ер адаммен жаңадан танысып, қарым-қатынас орнатпақ болып, кездесуге барған деген нұсқа жоққа шығарылды. Өйткені бойжеткеннің жігіті болған көрінеді», – дейді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров