Секс-құлдық құрбандары

Express Qazaqstan
hvylya.net

Бахрейнде секс-құлдықта болған 40-қа жуық қаракөз қыз елге қайтарылды. Бәрі де жақсы өмір сүру, мол пайда табыс табу мақсатымен шекара асқандар. Бірақ, «Балқантауда алтын бар, барсаң бақыр жоқтың» кері келді.

Қыздарды Бахрейнде күтіп алғандар уәделі қызметке емес, алдап соғып тәнін саудалайтын ортаға топ етіп түсірген. Қылмыстық топ қыңқ еткендерді ұрып-соғып, төлқұжаттарын тартып алып, мәжбүрлі түрде жезөкшеліктің жолына түсірген.

Қылмыскерлер жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін бірікке болып шықты. Үш елдің қылмыскерлері бірлесе қимылдап, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының қыздарын Бахрейнге сатып жіберген. Бұл дерек бойынша іс жуық арада соттың қарауына жіберіледі.

Алданып, шетелде секс-құлдыққа түскен алты ару зымияндардың тұзағынан қашып құтылған. Оларды Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркиядан қайтаруға Сыртқы істер министрлігі көмектесті. Бұл іске қатысты 19 адам күдікті деп танылса, 15-і қолға түсіп, үшеуіне іздеу жарияланған. Елге оралған 40-қа жуық қыздың бәріне әлеметтік, медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

«Тергеу департаменті Қазақстан, Ресей және Бахрейн елдерінің азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты іспен айналысып жатыр. Олар 2016-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында қыздарды алдап-арбап Бахрейн Корольдігіне сексқұлдыққа жіберіп отырған. Іс барысында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тумалары-39 жәбірленуші анықталып, елге қайтарылды»,- деді ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.

Жалпы Қазақстандағы адам саудасына байланысты бүгінде 133 қылмыстық іс сот қарауында.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров