Алматыдағы Туризм академиясының директорына қатысты тергеу басталды

Express Qazaqstan
instagram.com/comzhankoshturarov

Қызыл кітапқа енген қар барысының терісімен фотоға түскен Туризим академиясының директоры осыған дейін әлеуметтік желіде шу тудырған еді. Алматы қаласының Полиция департаменті дау тудырған фотоға қатысты істің қандай сатыда екенін айтып берді. Қайрат Закирьяновтың ісін Алмалы аудандық полиция басқармасы қарап жатыр.

«Алмалы аудандық полиция басқармасы аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 339-бабында көзделген «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сот алды тергеу-тексеруді бастағанын хабарлаймыз. Алайда ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді»,- деді ведомства өкілдері.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабында 3 мың АЕК ( 8 751 000 теңгеге дейін) дейінгі айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу, не 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Еске салайық, биыл 20 қаңтарда кабинетіндегі қар барыстарының терілерімен суретке түскен Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың басы дауға қалған болатын. Закирьяновпен бірге түскен фотоны спортшы Жанкош Тұраров Instagram желісінде жариялаған. Суреттерден арыстан, сілеусін, барыс пен құстардың терісін көруге болады.

Спорт және туризм академиясы президентінің бұл суреті қазақстандықтардың ашуына тиген. Кейін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осы жағдайға қатысты пікір білдірген болатын.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров