Ақтөбеде шошқа өсіретін миллионер үй қамаққа алынды

Express Qazaqstan
YouTube.com бейнеден кадр

Ақтөбедегі атышулы шошқа шаруашылығының қожайыны үй қамаққа алынды. Миллионер Гайк Тертерянға сотқа дейін үйінен қарыс қадам аттауға тыйым салған. Оған шошқаның ішек-қарны мен қан-жынын өзенге ағызып, жерді бүлдірді деген айып тағылып отыр.

Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының жабылуын тұрғындар талап еткен еді. Тек осыдан кейін ғана қозғалған экологтар талпақ танау өсіретін кешенді тексерген. Сөйтсе ондағылар ауыл іргесіне шошқа қалдықтарын төгіп, одан қалды ішек-қарны мен сүйек-саяғына дейін өзенге ағызып отырыпты. Осы ісі үшін шаруашылық қожайыны Гайк Тертерянға 7 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған. Бірақ кәсіпкер онымен келіспейтінін айтып, қомақты қаржыны төлеуден бас тартып отыр. Енді әкімшілік істен бөлек, қылмыстық жауапқа да тартылатын болады. Миллионердің кінәсі дәлелденсе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

«Парижская комуна» серіктестігіне қатысты қылмыстық кодекстің 332 бабы 1-ші бөлімімен іс қозғалды. Бүлінген жер аумағын анықтау үшін комиссиялық сараптама тағайындалды. «Парижская комуна» компаниясының жалғыз құрылтайшысы, әрі директоры Тертерян Гайк Вардгесович. Ол 1950 жылы туған. Қазір басты күдікті ретінде үй қамақта отыр»-деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің аға тергеушісі Айгүл Иманғазина.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров