Оралда жертөледе тығылып той жасағандардың әрекеті әшкере болды

Экспресс К
YouTube.com бейнеден кадрлар

Оралда мониторингтік топ кезекті тойды ортасынан тоқтатты. Тексерушілер банкет залының жертөлесінде дастархан жайған той иесі мен қуанышты бөлісуге келген қонақтардың үстінен түскен. Полиция мәліметінше, олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Полиция департаментінің берген ақпараты бойынша, 102 нөміріне «Қоржын» мейрамханасында той өтіп жатқанын әлдебіреу хабарлап айтқан.

«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Ақпарат расталды. 20 адамға қатысты хаттама толтырылды. Олар процессуалдық шешім қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберіледі»,- деді БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Мониторинг тобының жетекшісі Мирхан Бердіғалиев қалада сегіз тексеру тобы жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Біз алтыншы шағын ауданда орналасқан «Қоржын» мейрамханасын тексердік. 10 сәуірде түстен кейін үйлену тойы өтті. Бірден жергілікті полиция қызметкерлерін шақырдық. Бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын елемегендердің әрекеті әшкере болды. Тойға қатысушылардың бәрінен түсініктеме алынды»,- деді Мирхан Бердіғалиев.

Ауру асқынып тұрған шақтың өзінде той жасайтындар тыйылмай тұр. Қазір барлық жерде мониторингтік топтар тексеріс жүргізеді. Күн сайын анықталып, айыппұл салынып та жатыр. Бірақ, азаматтардың жауапкершілігі болмаса кеселмен күрестегі еңбек еш кетейін деп тұр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров