Дәрігер: қор жұмысында кемшілік көп

Экспресс К
Әкім Тұрсын/jasqazaq.kz

Былтырғы пандемиядан бері халық басты байлықтың денсаулық екенін жақсы ұғынғандай. Дегенмен медицина саласындағы кейбір бағдарламаларды әлі де толық түсінбейді. Тіпті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) немен айналысатынын, қор қызметін кімдер пайдалана алатынын көпшілік біле бермейді.  Қордағы ақшаның игілігін барлық азамат бірдей көріп жүр ме? Біз осы сауалды медицина саласында білікті дәрігер Әкім Тұрсынға қойдық.

Jas qazaq: Әкім мырза, қазір тұрақты жұмыс істейтін кез келген азамат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) ай сайын белгілі мөлшерде ақша аударып отырады. Бірақ басы ауырып, балтыры сыздай қалған жағдайда, бәрі бірдей МӘМС-тің игілігін көріп жүр ме?

Ә.Тұрсын: Жаңа заң бойынша, ай сайын жұмыс беруші тарапынан 2 пайыз, қызметкер тарапынан 2 пайыз ақша МӘМС-ке аударылып отырады. Бірақ кез келген жағдай кезінде, қор тарапынан азаматтардың талабы орындала бермейді. Бұл шындық. Сіздің сұрағыңызды түсініп отырмын. Неге? Өйткені бұл жерде құжат түрінде шешілмеген мәселелер баршылық. Мысалы, омыртқа жарығымен (грыжа) емделдіңіз дейік. Сізге берілетін дәрі-дәрмек, салынатын ине тегін болғанымен, физиотерапия ақылы болады. Міне, осы сияқты құжат жүзінде әлі де шешілмеген мәселе көп. Физиотерапия МӘМС-тің тізімінде болғанымен, яғни тарификаторда бекітілгенімен, осындай қосымша ем-дом ретінде ғана көрсетілген кемшіліктері бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан кейбір азаматтар қор тарапынан толыққанды ем-дом ала алмайды.

Әдетте, сақтандыру статусы жоқ азаматтарға да МӘМС-тен қаражат бөлінеді. Бірақ бұл жерде 15 түрлі категория бар. Оның ішіне көпбалалы ана, мүгедек, баласы үш жасқа толмаған аналар сияқты бірнеше әлеуметтік топтарға барлық медициналық көмек тегін көрсетіледі.   

Jas qazaq: Бұл сұрақты қойып отырған себебіміз, былтыр пандемия кезінде жұрт үйінде қамалып, бағасы шарықтап кеткен дәрі-дәрмекті өз қалтасынан ақша шығарып сатып алуға мәжбүр болды. Сол кезде халық арасында: «Игілігін көре алмаған МӘМС не үшін қажет?» деген сұрақ туды. Сіз қалай ойлайсыз? Қорға жыл сайын қанша ақша аударылады, қаншасы халық денсаулығы үшін кәдеге жаратылады немесе жаратылмай отыр?

Ә.Тұрсын: МӘМС бойынша халыққа барлық дәрі-дәрмек тегін берілу керек деп айтылады. Әр адам ауырған кезде өзі тіркелген емханаға немесе өзі келісімшарт жасасқан емханаға барып, дәрі алып, ине салдыруға құқығы бар. Бірақ кешегі пандемия кезінде жұрт жаппай ауырды, емханаларда адамның көптігі соншалық, ұзын-сонар кезек болды. Оның үстіне, коронавируспен ауырған адамды кез келген аурухана қабылдамайды, оны жұқпалы аурулар ауруханасы ғана қабылдайды деп, әртүрлі категорияға бөліп тастады. Сөйтіп халықта үрей пайда болды. Дәрігерлер ауырып келген адамды қарап үлгермеді.

Мынадай мәселеге тоқтала кетейін. Базарда жұмыс істейтін немесе өзге де іспен айналысатын жеке кәсіпкерлер осы пандемия кезінде МӘМС-тің игілігін көре алмаған болуы мүмкін. Олар белгілі мөлшерде қорға жыл сайын бір рет өздері ақша аударып отыруы керек еді. Сол ақша есебінен ем-дом ала алады. Ал жұмыссыздар мемлекет есебінен емделеді. Бірақ осының бәрі пандемия кезінде қойыртпақ болып кетті. Оның үстіне, МӘМС-тің үш жылғы қаражаты былтыр індет кезінде жаратылып кетті. Дәрігерлерге төленетін айлықтың үстемақысын білесіздер. Үш категория бойынша төленді. Біріншісіне 800 мың, екіншісіне 450 мың, үшіншісіне 250 мың теңге. Осындай шығын есебінен қордың ақшасы азайды. Дегенмен алда мұның бір жолы қарастырылатын шығар.   

Jas qazaq: Осы аптада МӘМС қызметкерлерінің айлығы туралы ақпарат жарияланды. Басқарма төрағасының ай сайынғы табысы 1 500 000 теңге екен. Ол ақша – сіз бен біздің салыққа төлеген, МӘМС-ке құйған ақшамыз шығар. Жалпы МӘМС-тің қарапайым халық түсіне бермейтін қандай кемшіліктері бар? Халық өздерінің медициналық құқығын біле ме, МӘМС соны түсіндіре ме?

Ә.Тұрсын: Ондай айлықты алдыңғы басшылар да алып келді. МӘМС халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Бірақ сіз сұрап отырғандай, олар көп жағдайда жұмысын әйгілейтін жарнамамен айналысып жатқан жоқ. Жұрт өз денсаулығын сақтандыру мәселесін дұрыс түсінуі керек. Жыл сайын 10 мың ба, 15 мың теңге ме, қорға белгілі мөлшерде ақша аударып қойса, ол оның денсаулығы үшін үлкен көмек болар еді. Бірақ оны қарапайым халықтың түсінбей отыруы – МӘМС-тің жұмыс жүргізудегі кемшілігі. Оған халық кінәлі емес. Қор жыл сайын өздерінің жұмысын халыққа түсіндіру үшін, жарнамасы үшін қомақты қаражат бөліп отыр. Бірақ медицина саласында жүрсек те, кейбір ақпарат біздің өзімізге уақытында жете бермейді. Жұмыс атқарылып жатыр, бірақ көрсете алмайды. Оны көрсету үшін қоғам белсенділерін, қоғамға белгілі, танымалы адамдарды өздеріне шақырып, сарапшы ретінде жұмыстарына қосатын болса, істеріне көп жеңілдік болар еді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров