Елімізде нашақорлықты әлі күнге дейін қамшымен және үшкірумен емдейді

Express Qazaqstan
vercio.ru

Елімізде нашақорлықты қамшымен және үшкірумен емдейтіндер әлі күнге дейін азаймай отыр. Алайда мұндай тәсілмен ешкім нәтижеге қол жеткізе алмайды. Жекеменшік оңалту орталықтарында осы жаман әдеттен арылту жүздеген мың теңге тұрады. Бірақ шарасыздыққа бой алдырмау керек. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында мемлекет есебінен де емделуге болады.

Психикалық денсаулық орталықтарында есірткіге тәуелді адамдар халықаралық стандарттарға сай тегін ем-дом алады. Пациенттерге дәрі-дәрмек арқылы және психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, науқастардың туыстарына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Психологтар мен психотерапевтер оларға нашақорлықтан емделген жақынының жаман әдетке қайтадан салынып кетпеуіне қалай көмектесуге болатынын түсіндіреді.

– Мен наркологияда 1990 жылдан бері істеп келемін. Ол кезде нашақорлық пен маскүнемдік қатты белең алған еді, – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы тәуелділік терапиясы бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Нұралиев. – Героиннің өте қауіпті екенін ол кезде көпшілік аса білмеді. Тез арада байып шыға келген кәсіпкер де, дұрыс отбасынан шыққан студенттер де, тіпті мектеп оқушылары да нашақорлыққа салынды. Жұртшылық нашақорларға аяушылық білдірмеу керек деп жатты. «Оларды емдеудің қажеті не? Одан да өлгені жақсы. Туыстары бір жылап алады да, ары қарай алаңсыз өмір сүреді. Бұл – ауру емес, кесірлік пен кердеңдік. Оларды орман отап, рельс төсеуге жіберіңдер!» Осындай сөздерді жиі еститінмін. Бірақ нашақорлықтың емдеуді, оқалтуды және өз-өзін қадағалауды қажет ететін ауру екенін мойындауымыз керек. Әрине, қайтадан салынып кету қаупі жоғары. Ерік-жігері күшті адам көп емес қой. Кейде оған мысқылдап: «Бұрынғы нашақор деген болмайды. Ерте ме, кеш пе, бәрібір өткеніңе қайтып ораласың» деп айтудың өзі жеткілікті.

Біздің пациенттерге моральдық қолдау мен туыстарының оның дертті жеңіп шығатынына деген сенімі керек. Нашақорлық пен маскүнемдіктен айықтырып жіберетін керемет дәрі болмайды. Адам сиқырлы таяқшаны бұлғаумен жазыла салмайды. Бұл жерде дәрігерлер, отбасы, әріптестері, жақын айналасы бірлесіп әрекет етуі тиіс. Науқастың туыстарының ең үлкен қателігі – жазылып шыққан адамды тағы есірткі қабылдап немесе арақ ішіп қоймауын қатаң қадағалауы. Жақындары жоқ жерден күдіктене берсе, бір күні ол шалт кетеді. «Ақыры маған ешкім сенбейді екен, ендеше қайтадан арақ ішіп, есірткі қабылдай беремін» деген ой келеді. Бұл – оны бетімен жіберу керек деген сөз емес. Бірақ бәрі орнымен болғаны жөн.

– Есірткіге, ішкілікке тәуелді адамдардың туыстары неге оларды алдымен бақсы-балгерге апарып, сосын ғана наркологтың көмегіне жүгінеді?  

– ХХІ ғасырда өмір сүрсек те, бақсы-балгерге сенуді қоятын түріміз жоқ. Оның үстіне медицинаға жүгінуді ұят санаймыз. Біздегі халықтың көбі отбасындағы біреуге наркологтың көмегі қажет екенін, оның өз бетінше жаман әдеттен арыла алмайтынын мойындағысы келмейді. Сөйтіп, бақсы-балгерлерді аралап кетеді. Олар науқасты қамшымен сабайды, үшкіріп-түшкіреді, іштегі жынын шығарамын дейді. Бірақ «жын» оның басында тұр. Сондықтан бұл жерде психотерапевтер мен наркологтардың көмегі қажет. Айтқандай, мұндай тәуелділіктен Құдайға деген сенім арқылы да арылуға болады. Сондықтан адамдардың осы тұрғыдағы талпынысын қолдаймыз. Дін адамды тек ізгілікке жетелейді.

Бізге қымбат жекеменшік орталықтың көмегіне жүгінгеннен кейін барып келетін пациенттер бар. Кейін олар біздегі ем-домның бұрын барған жерлерінен кем түспейтінін, тіпті артық екенін айтып жатады. Тек ол жақта көп ақша жұмсауына тура келген. Мемлекеттік орталықтар мен клиникалар қажетті дәрі-дәрмектің бәрімен қамтамасыз етілген. Оларда өз ісінің хас шеберлері жұмыс істейді.        

– Қазір есірткінің қандай түрлері көбірек таралған?

– Ағзаға сұмдық зиян келтіретін синтетикалық есірткі көбейді. Тұтынушылар оны ғаламтор арқылы алып жатыр. Сосын мұндай есірткінің зияны жоқ деген жаңсақ пікір бар. Синтетиканың әсері сұмдық. Одан адамның психикасы бұзылады. Ол еліріп, күйзеліске ұшырап, өз-өзіне ие бола алмай қалады да, ақыр аяғында өзіне қол салуы немесе басқаша жағдайда жазым болуы мүмкін. Сондай-ақ, дәрі нашақорлығы деген де қазір күрделі мәселеге айналып отыр. Дәріханадан «тамшылар» мен «дөңгелектерді» көбіне жастар алады. Есірткі сияқты әсер ететін препараттардың атын атамай-ақ қояйын. Ғаламторда олар туралы мәлімет онсыз да толып тұр. Тек ата-аналарға айтар кеңесім – дені сау балаңыздың дәрі ішіп жүргенін байқасаңыз, препараттың атын біліп, наргологтан кеңес алыңыз. Жағдай өзгерер, түйткіл өз-өзінен шешілер деп жүре бермеу керек. Медициналық көмеккке дер кезінде жүгінсеңіз, емдеуге деген мүмкіндік мол болады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров