80 жастағы профессор тоқал алуды армандайды

Express Qazaqstan

МАҒАН ДЕМАЛУҒА ӘЛІ ЕРТЕ

Елімізде тек қазақы малды көбейту не үшін керек? Қазақстанның ауыл шаруашылығының болашағы қандай? Өзімізде өндірілетін ет, жүн және сүтті қай елдер сатып алғысы келеді? Осы секілді сұрақтарға прфессор, зоотехник-ғалым, Алматы облысының құрметті азаматы Марат Кинеев жауап береді.

Марат Кинеев еңбек жолын ауысымдағы тракторшы-тіркемеші болып бастап, белгілі ғалым деңгейіне дейін жетті. Жақында 80 жасын атап өтті. Соған орай Алматыда алыс-жақын шет елдерден келген қонақтардың қатысуымен конференция ұйымдастырылды.

Марат Кинеев – ауыл шаруашылығы саласында беделді сарапшы екеніне қармастан, өте қарапайым жан. Елге сіңірген еңбегі туралы айтқанды ұнатпайды. Есесіне өз өміріндегі қызықты жайттарды шын пейілмен еске алады. Әрі отандық мал шаруашылығына қатты алаңдайтыны байқалады.

– Ауылдық жерде туып-өскен адамдар соңғы кездері сол туған өлкесі туралы айтпайтын болып жүр. Өздерін қаланың байырғы тұрғыны санағысы келеді, – деп бастады әңгімесін Марат Айдарұлы. – Өз басым жер еміп өскенімді мақтан етемін. Замандастарым әскери қызметті, ғарышқа ұшуды армандады. Ал мен бала кезімнен жылқы өсіргім келетін. Алматыға келіп, зоотехникалық ветеринарлық институтқа түстім. Оны бітірген соң Ақтөбе зооветеринарлық техникумына сабақ беруге шақырды. Кейін Семей зоотехникалық ветеринарлық институты малды азықтандыру кафедрасының меңгерушісі болып істедім. Солтүстік Қазақстан облысында да еңбек еттім. Жалпы, еліміздің талай жеріне бардым. Бірақ соның бәрін тізбелей бергім келмейді.

– Олай болса, әдеби қырыңыз туралы әңгімелесейік. Сіз 11 жыр жинағын шығардыңыз ғой.

– Поэзияға деген құмарлығым мектепте басталған. Бірде ағамның матрасының астына тығып жүрген дәптерін көріп қалдым. Соны алып қарасам, оған өлеңдер жазылыпты. Оқыдым да, ұйқасқа есім ауды. Өз өлеңдерімді көп уақыт бойы ешкімге көрсетпей жүрдім. Ал студент кезімде біреуін «Юность» журналына жіберіп едім, Римма Казакованың өзінен жауап келді. Ол менің біраз қателерімді айта келіп, шығармашылық табыс тілепті. Бірақ ең қызығы әлі алда еді. Өлеңімді ақыры жариялады! Қуанып кетіп...

– Редакцияға жаңа өлеңдеріңізді жібердіңіз бе?    

– Жоқ, олай емес. Жаза түстім. Бірақ оны жариялауды жөн көрмедім. 40 жыл өткеннен кейін «Северный Казахстан» газетінің журналисі менен сұхбат алуға келді. Ол да менің өлеңдерім туралы сұрады. Оған көрсеттім. Бірнеше күн өткеннен кейін кітапханашы маған газетті көрсетіп тұр. Басылымның екі бетіне менің туындыларым басылыпты. Сөйтіп, әдеби даңқым арта бастады (күлді). Қазір де өлең жазамын. Менде махаббат лирикасы мол. Бұрын достарым: «Жүрегіңді жаулаған кім? Атын айтшы» деп сұрайтын. Есесіне, менің жарым Майя Ахметқызы бұл өлеңдердің өзіне арналғанына еш күмәнданған емес. Әйелден жолым болған адаммын.

– Сізді ауылдан шыққан деп ешкім ойламайды. Мәнеріңіз, әдеп сақтауыңыз, талғамыңыз керемет. Зоотехника пен ветеринарияны оқып жүрген студенттеріңіз сізді тым нәзік ағай деп санаған жоқ па?

– Енді ше? Бірде жылқы шаруашылығына концерт қоюға барғанбыз. «Армандастар» ансамблінің әншісі болғанмын. Сол жерде шопанның атын сұрап міндім. Студенттерім маған сыртымнан күле қарап тұрды. Ұстазымыз қазір аттан құлап түсіп, қызық болады-ау деп ойлайтындай. Бірақ мен құламадым. Атты барынша қамшылап тауға шығып, сосын төмен қарай ылдиладым. Содан беделім өсе түсті. Сол кезде жігіттерге үшінші сыныпта жүргенімде-ақ атты арбаға жегіп, мал баққанымды айттым. Жылқыны бала кезден жақсы көремін.

– Жануарлардың жаңа түрін өсіру ісіне қатыстыңыз ба?

– Мен үш типтегі жануарлардың авторы әрі қосалқы авторымын. Олар – қазақтың ақбас етті сиыры (Алабота типі), қара шұбар тұқым (Сайрам), семейлік тұқым (Ертіс). Бұл сиырлар сүт беру жөнінен рекорд жасаған. Еті де өте дәмді. Жалпы, Қазақстанда өсірілген жануарлардың еті сапалы болады. Оны өзге елдің мал өсірушілері жақсы біледі. Якутиядағылар біздің жылқыларды еттің дәмін жақсарту үшін пайдаланады. Қазақтың мұндай өнімдеріне Ресей ғана емес, ҚХР да қызығушылық танытып отыр. Қытай бізбен осы салада көп жылға ынтымақтастық орнатуға дайын. Оларда табиғи өнімдерге деген сұраныс өте көп. Елімізде жергілікті ауа райына, осындағы жем-шөпке бейімделген өз малымызды өсірген дұрыс. Өзіміздің жылқы, қой, құстар, шошқа республика бюджетіне әжептәуір үлес қосады.     

– Сіз 80 жасыңызды атап өттіңіз. Енді бір демалайыншы деген ойыңыз жоқ па?

– Теледидар қарап жату немесе бір орында отыру – маған жат нәрсе. Мен Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми зерттеу институтында кеңесші профессор болып жұмыс істеймін. Ғылыммен айналысамын. Бос уақытымда өлең жазамын. Маған демалуға әлі ерте. Оның үстіне бойымда күш-қуатым барда тоқал алсам деп армандап жүрмін. Сіз жазған сұхбатты оқығаннан кейін менің құрметті Мая Ахметовнам соған келісім беріп қалуы да мүмкін. Ондай жағдайда сізге зор алғыс айтар едім.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров