Үйсіз, күйсіз күйші

Express Qazaqstan
Қаршыға Ахмедияров/ ©️ЭК/Жарас КЕМЕЛЖАН

[big_char]А[/big_char]лматыда баспанасыздар көп. Бірақ өмірбойы қазақтың күй өнеріне қызмет еткен, шәкірт тәрбиелеп, ансамбль құрған талантты домбырашының далада қалғаны – аянышты жағдай екен. ЭкспрессК порталына сондай кейіпкермен кездесіп, күйі кеткен күйшінің өмірін өз көзімізбен көріп, үйіне барып, сұхбаттасып қайттық. Бақытбек Қанапияұлы деген домбырашымен осылай таныстық. Ол күй өнерін ұлықтап жүрген күйшілердің бағаланбай жатқанын, тіпті олардың сайда саны, құмда ізі қалмағанын, жақсы күйшілердің атаусыз, іздеусіз жүргенін айтып, қазақ өнерінің бағынан сорының қалың екендігін тілге тиек етті. Арасында өзінің де ешкімге керексіз ғұмыр кешіп жатқанын, баспана тауқыметі туралы, Қаршыға Ахмедияровтың төл шәкірті екенін айтты. Ендігі әңгімені күйшінің өзіне берейік!

«Мен Алматының «Саяхат» деп аталатын автобекеттің маңында, Райымбек даңғылының бойындағы жатаған үйлердің бірінде тұрамын. Тұратын үйім қисайып құлағалы тұрған, іргетасы жерге сіңіп кеткен, шатыры қырық жамау ескі үй. Есі дұрыс адам тұратын жер емес. Қораға ұқсайды. Бірақ мұнда мен сияқты мүсәпірлер тұрады. Қайтеміз, Алланың басқа салғаны осы. Бұрынғы таныстарым Бақытбек деп біледі, әкемнің аты Қанапия. Біз Өскемен жақтың адамдарымыз. 1960 жылы Зайсан ауданында туғам. Сонда өстім. Балалық, боз бала шағым бәрі сонда өтті. Алматыға 1977 жылы көшіп келдік. Қаскелең мәдениет училищесінде оқыдым. 1986-1991 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра-баян сыныбына түсіп, Қаршыға Ахмедияровтың қолында оқыдым.

Консерваторияны бітірген соң, Қаскелең ауданына қарайтын Жетісу совхозының мәдениет үйінде жұмыс істедім. Сол жерде күйші, одан кейін мәдениет үйінің директоры сияқты қызметтер атқардым. Үйлендім, бала сүйдім. Кейін Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай ауылына көшіп бардық. Бір ескі үй сатып алдым. Сол ауылдағы мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрдым. Кейін, яғни 2012 жылдары үйімді банкке кепілге қойып, мал сатып алдым. Сол жылдары сүт бағасы қымбаттап, жұрт мал шаруашылығымен айналыса бастады. Мен де мал өсірсем, бизнес жасасам деп ойладым.

Қазақ «Құланды да жыландай кісі атады» дейді екен. Қазір мал бағу да қиын. Суармалы жерің, шұрайлы жайылымың болмаса, шөп пен жемді сатып алып, мал баққаннан пайда жоқ екен. Мен де жем-шөбін қып-қызыл ақшаға сатып алып, несиеге алған малымнан береке болмады. Ал үймді банк тартып алды. Сөйтіп, айдың-күннің аманында бір үйлі жан далада қалдық.

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Малдан да, үйден де айырылып есеңгіреп жүргенде, әйеліім жаман ауруға душар болды. Әйелімді апармаған дәрігер, қаратпаған аурухана қалмады. Қарызға қарыз, несиеге несие жамап, төрт баламды бағып-қағып жүріп, әйелімді бірнеше жыл емдеттім. Айналдырған ауру алмай қоймайды екен. Жұбайым былтыр 23 қазанда қайтыс болды. Дімкәс болса да, әйеліңнің бары жақсы екен ғой. Соның қазасынан кейін шын жетім болдық та қалдық. Үйден жылу кетті, бала-шағадан береке қашты.

Үлкен ұлым 26-да, кішісі 20 жаста. Екі қыздың үлкені – 22-де, кішісі 11-де. Балаларым Есік қаласындағы саяжайлардың бірінде, балдызымның үйінде тұрады. Өзіммен бірге төрт баланы қалай ертіп жүремін? Оның үстіне, мынадай тар кепеге кім сыяды? Осының өзін 30 мың теңгеге жалдап отырмын. Суды тасып ішемін. Газды балонмен сатып аламын. Қаланың қақ ортасында тұрсам да, өркениеттен жырақ өмір сүріп жатырмын.

Бір басымда 11 несием бар. Бала-шағама да апта сайын тамағына, киіміне, жүріс-тұрысына ақша керек. Сондықтан күндіз-түні жұмыс істеймін. Ақша жеткізе алмай кеткенде, өмірден түңілемін. Бірақ амалым жоқ. Балаларымды жеткізуім керек.

Күзетшілікке қосымша жұмысым. Негізгі жұмысым – мектепте музыкадан сабақ беремін. Талғар ауданының Белбұлақ ауылындағы мектепте музыка пәнінің мұғалімімін. Ұстаздық қызметім үшін 100 мың теңге, күзетшілігіме 60 мың теңге айлық аламын.

Мектептегі айлығым 15-інен кейін, күзеттің ақшасы да сол жиырмасына қарай түседі. Оған дейін үй иесі күтпейді. Бұдан арзан үй таппаймын. Сондықтан ертең тағы бір «мини кредит» алуым керек. Басқа амалым жоқ. Өмірімді өнерге арнадым. Тура жолдан тайған емеспін, кісі ақысын жеген емеспін. Бірақ өмір бойы дәл осылай жарымай келемін. Неге бұлай болды? Құдай мені неге аямайды? Алпыстан асқанда үйсіз-күйсіз қаламын деп кім ойлаған?

Марқұм ұстазым Қаршыға Ахмедияров ғажап жан еді. Маған «Қандай күй тартсаң да, өз күйің сияқты сезініп тартасың. Күйдің ішіне енесің, – дейтін. Сол ұстаздарымның жолымен жүріп, ғұмыр бойы шәкірт тәрбиелеп, өнерге өмірімді арнадым. Бірақ ішер асқа, киер киімге жарымай-ақ қойдым. Алматыда домбырашыларды ешкім қадірлемейді. Батыс өңірдегі ағайын күйшілерді сыйлайды, төрге сүйрейді деп естідім. Бізде олай емес. Кейде осы қу тақтайды құшақтап қалғанымды өнерге жасалған мемлекет саясатының жұтаңдығы деп түсінемін. Біз, күйшілер, сол саясаттың құрбанымыз...

Үйсіз адамда күй бола ма? Оның үстіне, алпыстан асқанда көрген жалғыздықтың күні құрысын. Күнде кешке ішіп жатқан ыстық тамақ жоқ, күтіп-бағатын адамым да жоқ. Былтыр желтоқсанда инсульт алып қалдым. Оң қолымның үш саусағы, оң жақ бетім жансызданып тұрады. Бұрын домбыра шерткенде он саусағым пернеде ойнақтаған еліктей жортушы еді. Қазір төкпе күйге шорқақпын. Саусақтарым икемге келмейді. Ал шертпе күйді ептеп қайырып отырамын. Осы жасыма дейін еткен еңбегім, қазақтың күй өнері үшін жасаған жұмысым мүлде бағаланбай-ақ қойды. Бүкіл өмірімді сарып еттім осыған. Бірақ содан еш пайда тапқан жоқпын. Қаншама балаға домбыра үйреттім, қаншама домбырашы тәрбиелеп шығардым. Күй, домбыра, өнер деп жүріп өмірім өтіп барады. Бағаланбайтын қандай өнер бұл? Менің осы жанайқайымды спорт және мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға жеткізіңіздерші! Көмектесіп қалатын шығар? 

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров