Ата кәсіптің 6 кемшілігі

Express Qazaqstan
peacocksalt.com

Қоғамда мал шаруашылығына қатысты сұрақ көп. Мәселен, осы салада қандай мүмкіндіктер пайдаланылмай жатыр? Жайылымның жайы, жүн-жұрқа, тері-терсек, ет пен сүтті толықтай пайдаланып отырмыз ба? Ұлы дала төсін төрт түлік малға толтырған ата кәсіптің берекесі неге қашты? Ұят та болса айтайық, қой бағуды шетелден үйреніп жүрміз. Сиырды да кәрі құрлықтан тасыдық. Малдың отанында отырып шетелден ет сатып алатынымыз, тіпті күлкілі. Ата кәсіп қалай ақсады, бізге не жетіспейді? Осы сұрақтарды «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевқа қойдық. Ол мал шаруашылығындағы ақсап жатқан, көкейкесті алты тақырыпты атап тұрып айтып берді.

Бірінші – жер жоқ

Пайдаланылмай, кәдеге жарата алмай жатқан мүмкіндіктеріміз өте көп. Мәселен, қазақтың бос жатқан жері көп болғанымен, жайылым жоқ. Мал жаяйын десең бос жатқан жердің иесі бар. Жер иесі мал шаруашылығымен айналыспайтын бай болуы мүмкін немесе қорасында бір сиыры жоқ атасынан «пайға» (үлеске) тиген жатыпішер біреу болуы мүмкін? Бұл жердегі мәселе жердің игерілмей жатқандығында.

Екінші – сүттің сұрауы жоқ

Сүт өңдеуге келетін болсақ, бұрынғыдай сүт өнімін жергілікті жерде дайындайтын орын аз. Былайша айтқанда, ауылда сиыр сауатын әкпе-жеңгелеріміз жоқ. Неге? Өйткені, оның еңбегі ақталмайды. Себебі, бір сиырдың берген 3-5 литр сүті оның жеген жем-шөбінің шығынын жаппайды. Сондықтан, бұзауы емсін деп бірге жібере салады. Таудағы малшылар да қазір сиыр сүтін сауып сатуды қойды. Неге? Өйткені, оны сауып сақтау, қалаға жеткізу, сату сынды арадағы байланыс үзілген. Субсидияның өзі үлкен мал шаруашылықтарына ғана бөлінеді. Оның ішінде 400 бастан көп фермаларға ғана. Ауылдағы қарапайым шаруаға субсидия түгілі, су да жоқ. Ол аз десеңіз, қазір малдың тұқымы тозып кеткен. Еуропадағы талап бойынша бір сиыр жылына 10 мың литр сүт беруі керек. Ол дегеніміз - күніне 33 литр сүт деген сөз. Күніне 33 литр сүтті 200 теңгеден есептесеңіз, бір сиыр 6000 теңге кіріс кіргізеді. Ал біздің сиыр 5 литрден артық бермейді. Ары кетсе 10 литр, сонымен бітті. Сондықтан өнімділігі жағынан, тұқымы жағынан біздің малдың сапасы төмендеп, тұқымы тозып кетті.

Үшінші – ет ерінге жұқпайды

Ет жағын да ауыз толтырып айта алмаймыз. Өйткені, еттілік жағынан 1991 жылы бір жасар бұқаның салмағы 330 келі болған. Ол дегеніңіз селекция, жем-шөп, менеджмент – барлығының жетістігі. Бұл статистикада көрсетілген. Бүгінгі статистиканы алып қарасақ, 1 жасар бұқаның салмағы 120 келі ғана. Біз өсудің орнына кері кеткенбіз. Бұл жерде селекция да, жем-шөп те, менеджмент те құрдымға кетті деген сөз. Малымыз асыл тұқымды еді, азып бітті.

Төртінші – жүніміз жүжіп бітті

Жүн өзекті проблема болып отыр. Біз жүнді пайдаға асыра алмай, кәдеге жарата алмай отырмыз. Жүнді өз елімізде өңдемейміз. Оны өңдейтін бір ғана мега комбинат бар. Ол – «ШымкентПОШ». Ал жекеменшік ұсақ-түйек комбинаттар жоқ. Бұрын Моңғолияға күлуші едік. Қазір сол Моңғолияның әр ауылында 8-9 жүн өңдейтін цех бар. Ал бізде біреуі де жоқ. Шетелге шығарамыз деп едік. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда шетелге де шығара алмай қалдық. Оның үстіне, жүннің сапасы да нашар. Ішек-қарын, өкпе-бауырды өңдемейміз. Сонда біздің қойшылар қойдың етінен түскен пайдамен ғана күнін көріп отыр.

Бізде 13-14 миллион тұяқ қой болса, соның 15 пайызы меринос қойы. Қанша шаруа екенін нақты айта алмаймын. Сол 1,5 миллион қойдың жүні өңдеуге келмей отыр. Оның бағасы да түсіп кетті. Сырт елдерге біздің мериностың жүні керек те емес. Өйткені, бізде өндіріп жатқан жүннің сапасы өте төмен. Тозып кеткен. Одан кейін сыртқы нарықта жүнге сұраныс бұрынғыдай көп емес, өте аз. Бірақ меринос қойының қазақи қойға қарағанда жүні болса да пайдасы бар дегім келеді. Бір қой 4-5 келі жүн береді. 300 теңгеден есептегенде, бір қой жүнінен 1500 теңгедей кіріс кіреді екен. Көп шаруа соны қанағат етіп, меринос тұқымын өсіріп отыр. Бірақ малды баққан соң, оның жүні мен еті ғана емес, ішек-қарны, құйрық-жалы да кәдеге жарап, пұл болуы керек. Сонда ғана еңбегің далаға кетпейді. Әйтпесе, мал болып баққан малдан не қайыр?!.

Бесінші – тері теңге болудан қалды

Бұған дейін тері саудасы дүркіреп тұрған сала еді. Тері өңдейтін зауыттар лобби жасайды. Бизнес болғаннан кейін лоббисіз мүмкін емес. «Біз теріні өзіміз өңдейік, ешқайда шығармайық. Өйтпейік, бүйтпейік!» дейтіндер көп болды. Оны үкіметке айтады. Үкімет оларға қолдау көрсетеді. Сөйтіп, шекараны жауып тастайды. Тереңіне үңілмейді. Ақыры уәде бергендердің ақшасы жоқ боп шығады. Оларға берілетін дайын несие де жоқ. Сөйтіп, Қазақстанда қой терісі ысырап болып жатыр. Сойған малдың терісі іріп-шіріп, иттің жемі болуда. Сондықтан ел ішіндегі өнеркәсіпті көтеруіміз керек. Оған жағдай жасағанда ғана біз бұл тығырықтан шыға аламыз.

Қазір әлем бойынша жүнді кәдеге жаратып жатқан елдер аз. Өйткені, үстіміздегі киім синтетикалық материалдардан жасалуда. Соның кесірінен жүннің құны түсті. Шынын айтқанда, соңғы уақытта жүнді кәдеге жарату азайды. Оның орнына етті қойды пайдалану алдыңғы орынға шықты. Әлемге қой керек. Ал осы қойды қазақтан артық бағатын ешкім жоқ еді бұрын. Қазір олай емес. Дамыған елдер малды жаңа тәсілдермен бағады.

Алтыншы – барды ұқсата алмаймыз

Көзін тапқан адамға мал өнімінің пайдасы көл-көсір болуы керек. Атап айтсақ, ет, тері, жүн-жұрқа. Ал бізде қаражат тек етке ғана салынған. Мысалы, шетелде ет жалпы өнімнің 60 пайызын ғана береді. Қалған 40 пайызы тері, жүн-жұрқадан түседі. Егер ірі қара мал болса, аттың жал-құйрығын кәдеге жарату керек. Одан бөлек, ішек-қарыны, өкпе-бауыры сынды бөлшектері де жарамды. Ал бізде қалай? Ұсақ малды сойып, етін ғана аламыз. Ішек-қарнын итке тастаймыз. Оны тіпті ит те жемейді. Былай қарасаңыз, қаншама дүние ысырап болып жатыр. Ал шетелде малдың ішек қарнына шейін жуып-шайып қажетке жаратып, пұл қылады. Біз барды бағалай алмай отырмыз, ат үсті қараймыз.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров