Түркістандағы тракторшы қыз

Express Qazaqstan
instagram.com

КҮНІНЕ 10 ГЕКТАР ЖЕР ЖЫРТАДЫ

Ауылда жұмыс жоқ, ақша жоқ деген сөз – сылтау. Жалқаудың уәжі. Ерінбеген адамға бір күрек қайдан болса да табылады. Тіпті, алақаның ойылса да, жұмыс істеймін деген кісіге жұмыс бар. Аяқ-қолы балғадай жігіттер жұмыс жоқ деп шалқасынан түсіп жатқанда, қазақтың қаршадай қыздары екі білегін сыбанып тастап, атыз басында жүр. Кешегі Кәмшат Дөненбаева секілді ер-азаматқа тән жұмысты екі етпейтін қаракөздеріміз әлі бар екен.

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Қызылқұм ауылының тұрғыны Арай Асылбекқызы – Түркістандағы әлдебір жоғарғы оқу орнының 1 курс студенті. Мамандығы бойынша «тіс дәрігері». Бірақ сұлу қыз ауылда трактор тізгіндеп, жер жыртып, күн сайын кәдімгідей ақша тауып жүр.

Тракторшы қыздың әкесі Асылбек Ақыншаев 

«Қызымда тракторға деген бала кезден қызығушылығы болды. 12 жасынан бастап трактор айдап үйренді. Ұлдарымның біреуі оқуда, біреуі жұмыстағы кезінде, қасымда үнемі серік болып көмектесіп жүрді. Жер жыртудан бастап, егістікке дейін қасымда жүретін қолғанатым, кәдімгідей көмекшім» - дейді.

Ал Арайдың өзі көк тракторға деген махаббатын былай жеткізген: 

«Бала кезден бастап жеңіл көлікке қарағанда, осы ауыр техникаға деген қызығушылығым көп болды. Күніне шамамен 10 гектарға дейін жер жырту, тырмалау секілді жұмыстарды атқарамын. Аз-кем техникалық ақаулықтарын өзім жөндей беремін. Табиғатыңа жат демей, үйреткен әкем мен ағаларыма рақметімді айтамын!».

Табиғатыма жат демек, трактор тізгіндеп, жер жыртып, тұқым сеуіп жүрген қаракөз қыз көп азаматқа үлгі болса керек. Өйткені, осы күні жер жырту түгілі, ауылға барып қой бағатын шопан табу қиын. Жұрттың көбі «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» тиын табуға құмар. Ал алыс ауылдағы Арайдың трактор айдап, бұзылған жерін өзі жасап, ер-азаматтан артық еңбек етіп жүргені – шынында мақтауға тұрарлық дүние!  

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров