Кірпінің жыланмен төбелесі және жүрек түріндегі көл туралы шындық. Маңғыстаудағы қиын сапар

Express Qazaqstan
©ЭК/Владислав КОЖУХАРЬ

«Жығылған» деген атау «жердің құлауына» байланысты боп тұр. Көне аңызға сенсек, бұл жер адамдардың күнәларының ауырлығына шыдамай, опырылып түскен. Қаскөйлер бір сопының атын ұрлап, содан әулие ашуға мініп осы аймақты тегіс қарғаған көрінеді.

Ал геологтар бұны басқаша түсіндіреді. Қатты жел тұрғанда, мүйістегі үлкен тастарды теңіз суы шайып кеткен. Кейін жер сілкінісі болып, содан жер опырылады. Есесіне осының нәтижесінде әдемі көрініс пайда болған. Шұңқырдың тереңдігі 200 метрге дейін жетеді. Ал диаметрі төрт шақырымнан асады.

Ең биікте бағзы замандардан қалған шамшырақ тұр. Өлкетанушылардың айтуынша, украин ақыны Тарас Шевченко да айдауда жүрген кезінде осы жерде серуендепті. Даланың әдемі көріністерін қызықтаған. Бірақ шығармаларында Жығылған туралы ештеңе айтпаған.

Бұл жерде саяхат жасау қауіпті деуге болады. Мұнда тайғанақ тастар мен тік құздардан бөлек улы жыландар да бар. Олардың әр түрінің уына қарсы іріткі болуы тиіс. Бірақ ол тез бұзылады. Сондықтан ондай іріткілерді алып жүру мүмкін емес. Сондықтан алда-жалда жылан шақса, автобус Жығылғаннан 40 шақырым жердегі медпунктке жаман жолмен жеткенше кәлимаңды оқып отыруға тура келеді.   

Бұл жерге біздің саяхатымыздың барысында мынадай да әңгіме айтылды: Мұнда жан-жануарлардың тіршілік етуі өте қиын. Әрқайсысы хал-хадерінше күн көреді. Бірде осында кірпі жыланмен төбелісіп, оны жеп қойған. Біреулер бұны өтірік әңгіме деп ойлауы мүмкін. Кірпі жыланды жей алмайды ғой. Бірақ жергілікті жұрттың айтуынша, басқа кірпілер жемеуі мүмкін, ал Маңғыстаудыкілер жұта салады.

Кезінде орыстар Каспий маңына орнатқан 11 көне шамшырақтың бірі алысырақта мен-мұндалап тұр. Саяхат сол жерден басталады екен. Ең соңында жүрек түріндегі әдемі көлге барамыз. Туристердің көбі соның жанында селфи жасау үшін келген.

Шамшыраққа жету аса қиын емес. Тек теңіз желінің бетке ұрып, жаңбыр себелеп тұратыны болмаса. Ал Жығылғанның түбіне жету өте қиын. Аяғыңның астында тастар ұшып жатады. Дымқыл ауадан деміге бастайсың. Дөңес тастар жаңбырдан тайғақ болады.   

Таспен қоршалған киелі жерге келіп алғаш демалдық. Кезінде мүйістің маңынан талай сауда кемелері өткен. Арасында ислам елдерінікі де бар. Мұсылмандар мұнда намаз оқу үшін тоқтаған. Саудагерлер бұл жерге белгілі себептермен үлкен мешіт сала алмапты. Сондықтан таспен қоршай салған. Мұндай қоршауды әуелде зороастриялықтар жасапты. Ол мең даладағы түрлі жамандықтан сақтайды, шын-шайтан оны кесіп өте алмайды деп есептелген. Кейін бұл ислами орынға айналды.     

Бір сағаттан кейін әлгі жүрек түріндегі көлге де жеттік. Айта кетейін, ол Instagram фотосындағыдай соншалықты көркем болып көрінген жоқ. Жасыл қоймалжыңы бар үлкен шалшық сияқты. Алайда жақсы қырын тауып, дәу тастың үстіне шығып тұрсаң, жүрек суреті анық көренеді. Ал батпақ жасыл шөпке айналады. Селфиге әуестер шаршағанын ұмытып, көл маңында суретке түсіп қалу үшін кезекке тұрды. Ал жаңбыр тіпті құйып кетті.

...Ақырында тар жолмен автобусқа да жеттік-ау. Жүргізуші саяхатшылардың лай басқан киімдеріне қарап терең күрсінді. Ол енді автобус салонының былғанатынын ойлап тұр. Бірақ оның қуанышты дауыстан көңілі көтерілгендей болды.

«We Are the Champions!» - деп ән бастады. Тіпті салондағы балшыққа көндіккен жүргізуші де оған қосыла кетті.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров