Латын әліпбиіне 2023 жылдан бастап көшеміз

Express Qazaqstan
pbs.twimg.com

Мектептерге латын графикасын енгізу 2023 жылдан бастап жүзеге аспақ. ҚР білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысна ведомства басшысы Асхат Аймағамбетов осылай деді.

«Қазақстанда жаңартылған білім мазмұнына көшу 100 пайыз аяқталды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңір толықтай бейнебақылау орнатылып және 99 пайызы жылы әжетханамен қамтылды. 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беруге көшу жоспарланып отыр. Ол үшін ауқымды жұмыс атқарылуы қажет. Оның ішінде мемлекеттік стандартты, оқу бағдарламасын және үлгілік оқу жоспарларын қайта жаңартуымыз тиіс. Математика, информатика және тіл пәндері басымдық беріледі. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы мен Дүние жүзі тарихы пәні бойынша бірыңғай оқулық болады. 2023 жылдан бастап латын графикасын енгізу жоспарланды» деді министр Асхат Қанатұлы.

Кеңейтілген құрамда өткен алқа мәжілісінде 2020 жылы атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, 2021 жылға жоспарланған шаруалар талқыланды.

Өткен айда ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның жиынын өткізіп, жоба-жоспарын тыңдаған. Үкімет басшысына есеп берген ұлттық комиссия мүшелері өздеріне жүктелген жұмыстарды жүзеге асыру жайын баяндады. Латын графикасының негізінде дайындалған қазақ әліпбиін жетілдіру, дамыту жайын ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова айтқан. Қазақ әріптерін пернетақтаға орналастыру мәселесін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, латын қарпіне негізделген әліпбиге көшіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын   ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баян еткен сонда.

Латын графикасына көшіру жөнінде құрылған ұлттық комиссияның отырысында ҚР ҰҒА академигі, филолгия ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламен Сенатының депутаты, сенатор Мұрат Бақтиярұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР ҰҒА академигі, тарихшы Хангелді Әбжанов, ҚР Премьер-минисмтрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып, шаруа жайына қатысты қордалы мәселелерді талқыға салған еді.   

ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев 2017 бастама көтеріп, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы тапсырма берген болатын. 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевлатын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жетілдіру, дамыту жөнінде тапсырма беріліп, әліпбидің 40-тан астам нұсқасы көпшілікке ұсынылды, емле ежерелері бұзылмауын қадағалап, «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымына сай келу жайы талқыланып келеді. Қоғамдық тыңдау мен талқылаулар, сауалнама жұмыстары да жүргізілді.

Латын әліпбиіне көшу 2023 жылдан басталып, кезең-кең бойынша жүзеге асып, 2031 жылы аяқталады.  

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров