Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшысы Президентке "Армияны жаңғырту" жаңа ұлттық жобасы туралы баяндады

Express Qazaqstan
ҚР Президентінің баспасөз қызметі


Қазақстан президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.


"Тоқаев Қазақстан армиясының заманауи қару-жарақтармен және техникамен жабдықталуы, инфрақұрылымдық  дамуы, цифрландырылуы, ақпараттық қауіпсіздіктің  қамтамасыз етілуі және бітімгершілік бөлімдердің дайындығы туралы хабардар етілді", - делінген Мемлекет басшысының сайтында жарияланған хабарламада.

Қорғаныс министрі дамыған мемлекеттер армияларының құрылысын талдауды ескере отырып, Қорғаныс министрлігі "Армияны жаңғырту" ұлттық жобасын ұсынатынын айтты.

"Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы армияның әскери әлеуетін арттыруға, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік-экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді", - делінген баспасөз хабарламасында.

Министр сондай-ақ әскери мақсатқа арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның бірыңғай операторын құру жайында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берді. Бірыңғай оператор әскерді, ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесінің үздіксіз әрі орнықты жұмыс істеуін, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келетін ақпараттық жүйе мен әскери мақсатқа арналған бірыңғай транспорттық ортаны қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысына бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысатын әскери қызметшілердің дайындығы туралы ақпарат берілді. Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында БҰҰ миссиясы бағытындағы қызметте мейлінше сұранысқа ие әскери-медициналық, инженерлік, барлау және әскери полиция сияқты бөлімдердің дайындығы пысықталуда.

Кездесу қорытындысы бойынша Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы Күштердің әскери әлеуетін арттыруға және қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, оларды сапалы дамытуға, армияны жабдықтауға, Қазақстанда қару-жарақтың бірнеше түрін шығаратын қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімен ықпалдастық орнатуға, сондай-ақ, Қарулы Күштерді цифрландыруға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлады баспасөз қызметі.

"Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу және полигондарды пайдалану үшін өзге елдердің әскери ведомстволарымен бітімгершілік қызмет пен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті", - делінген баспасөз хабарламасында.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров