Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанда 2025 жылға дейін 5 трлн теңгеге мемлекеттік активтерді бәсекелес ортаға беру жоспарлануда

Express Qazaqstan
ҚР Президентінің баспасөз қызметі


Қазақстан президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев  "Халықтық IPO" бағдарламасын қайта қолға алу керектігі жайлы мәлімдеді.


"Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін бес триллион теңгеге мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік кластың  позициясын елеулі  нығайту ниеті туралы мәлімдеді", делінген Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі отырыстың қорытындысы бойынша мемлекет басшысының сайтында жарияланған хабарламада.

"Қазақстандықтар ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуге және отандық экономиканың флагмандарын дамытуға өз үлесін қосуға мүмкіндік алуы үшін "Халықтық IPO" бағдарламасы қайта жаңғыртылатын болады. Мемлекет басшысы саясаттың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі ретінде адами капиталдың сапасын арттыруды атады", делінген баспасөз хабарламасында.

* * *

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың мемлекеттік тілді үйрену жөніндегі бастамаларын  қолдауға шақырды

"Мемлекет басшысы қазақ тілін білу біртұтас ұлтты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтіп, тілді үйренуге ұмтылған барлық отандастарға тағы да қолдау көрсетуге  шақырды", -делінген Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі отырыстың қорытындысы бойынша мемлекет басшысының сайтында жарияланған хабарламада.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қазақ тілінің латын графикасына көшірілуін  "тәуелсіздіктің жетістіктерінің бірі" екендігін  атап өтті.

* * *

Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойын мерекелеу кезіндегі іс-шаралар ең алдымен жастарға бағдарлануы тиіс, деп есептейді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Президент мерейтой кезінде бірінші кезекте өскелең ұрпаққа бағытталған іс-шараларды өткізуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың азаматтық белсенділігі мен ынта - жігерінің жоғары екенін атап өтіп, бұл белсенділікке кедергі келтіруге болмайтынын және оларды жаңа мақсаттар мен міндеттерге жұмылдыру керектігін айтты",-делінген Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі отырыстың қорытындысы бойынша мемлекет басшысының сайтында жарияланған хабарламада.

Сонымен қатар, жастарға қатысты маңызды мәселе – жұмыспен қамту, деп атап өтті президент.

"Бұл әсіресе өңірлерде өзекті мәселе. Біз жұмыссыз жастарға тұрақты жұмыс табуға ынталандырып, бағдар беруге, көмектесуге тиіспіз. Қазір жұмыспен қамту бойынша бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көпшілігі бұл шаралар туралы білмейді. Олар мемлекет тарапынан  жасалып отырған әр түрлі қолдаудың  түрлері туралы хабарсыз. Бұл мәселе  бір насихатпен шешіле қоймайды. Үкімет пен әкімдер жастардың жұмысқа орналасуына ерекше назар аударуы қажет", деді ол.

* * *

Қазақстан президенті Қасым - Жомарт Тоқаев елде тағы бір экологиялық жобаны - "Таза табиғат" жобасын іске асыру қажет деп санайды.

"Мемлекет басшысы еліміздің табиғи көрікті жерлерінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, "Таза табиғат" жобасын іске асыруды ұсынды", делінген президенттің баспасөз қызметінің Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысының қорытындысы бойынша хабарламасында.

Осыған байланысты мемлекет басшысы Наурыз мейрамын атап өту туралы өз ойымен бөлісті.

"Көктемнің келуімен біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бұлақтарды тазалап, ағаш отырғызған. Біз осы тамаша дәстүрді жалғастыруымыз қажет, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны жақсартуға белсенді түрде кірісуіміз керек. Мұндай іс-шараларды барлық өңірлерде ұйымдастыру қажет. Бұл өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі",  деп атап өтті президент.

* * *

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа академиялық тарихын дайындауды кідіріссіз бастау қажет деп есептейді.

"Президент Қазақстанның жаңа академиялық тарихын дайындауды кідіріссіз бастау қажеттігін мәлімдеді. Бұл біздің мемлекеттілігіміздің тамыры терең екенін халықтың санасына нық бекітуге мүмкіндік береді", делінген мемлекет басшысының жұма күні таратылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тоқаев жұма күні республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысына қатысты.

"Биылғы  мерейтой жылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы, Қажымұқанның 150 жылдығы, басқа да тарихи тұлғалардың мерейтойлары сияқты бірнеше атаулы күндер  бар. Өткен жылы Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойларын өте мазмұнды өткіздік. Олардың жеке келбеті мен өмір жолы, еңбектері біздің дүниетанымымызға үлкен әсер етті. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да пайдалану керек", - деді Тоқаев отырыста сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар, президент биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толатынын еске салды.

"Мемлекет басшысы атап өткендей, ядролық сынақтарға тыйым салу біздің өз тағдырымызға жауап беруге дайын екенімізді және еліміздің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы болып табылатындығын көрсетті",  делінген хабарламада.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров