Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы өңірлердегі жағдайды талқылады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен өңірлердегі жағдайды талқылады, деп хабарлады жұма күні мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
"Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су тасқынына қарсы қабылданған іс-шаралар, вакцинация барысы, Аршалы және Целиноград аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай - ақ Қосшы ауылындағы әлеуметтік және инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту бойынша президент берген тапсырманың орындалуы туралы есеп берді", деп жазды Уәли Фейсбукте.
"Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, су тасқынына қарсы іс-шаралар, көктемгі дала жұмыстарына дайындық, "Еңбек" бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы баяндады",-деп хабарлады баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, әңгіме соңында Тоқаев әкімдерге өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға, көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізуге және басқа да мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар берген.
Бөлісу