Зейнеткерлікке 60 жаста шықсаңыз...

Express Qazaqstan
mail.kz

ҚР Парламент мәжілісінің жетінші шақырылымының депутаты атанған Александр Милютин Мәжілістің пленарлық отырысында үкімет басшысы Асқар Мәминге депутаттық сауалын жолдады. Депутат бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі саналатын зейнетақы жүйесіндегі көңілі көншімейтін түйткілдерді атап-атап айтты. "Экспресс К" сайтының оқырмандарына депутаттық сауалда не мәселе көтерілгенін тарқатып айтамыз.

Милютин Александр: 

"Қазақстан халқының дені жалақысының төмендігіне байланысты зейнетақы қорындағы қаражатының жеткілікті шегінен асатын сомасын ала алмайды. Сондықтан да біз ынтымақты зейнетақы жүйесіне көшкенді ұсынамыз. Сонымен қатар зейнетке шығу жасын ұлғайтпай керісінше, жасарту керек. Жұмыстың ауыр-жеңілдігіне, денсаулыққа тигізер зияндығына қарай есептелгені жөн. Жұмыссыздық жастардың жан алқымынан алып тұрған кезеңде зейнеткерлерді қартайғанда 63 жасқа дейін сүйрелеу обал. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін орташа жалақымен теңестіру керек" деді.

Депутат рас, жұрттың көкейіндегі келелі мәселені қозғап отыр. Бірақ бұл сеңді қозғауды алтыншы шақырылымда да депутат болған Айқын Қоңыров та көтерген еді. Биылғы парламенттік сайлауға дейін "Қазақстан халықтық коммунистік партиясы" деп аталып келген коммунистер ребрендингтен кейін коммунистік деген сөзді сылып тастап "Қазақстан халық партиясы" атанған. Айқын Қоңыров биылғы парламент сайлауында осы партияның төрағасы ретінде туын көтеріп жүрді.

Тақырыпқа қайта оралсақ. Былтыр қазан айында Айқын Қоңыров сол кезде де үкіметті басқарған премьер-министр Асқар Мәминге сауал жолдап, зейнет жасын төмендетуді ұсынған болатын. Айқын Қоыңров әлемді бунап тұрған тәжтажал ковид-19 кеселінен елімізде қайтыс болғандардың ішінде жасы келген адамдардың саны көп екенін айтып, қарттарға лайықты құрмет көрсету керектігін ескертіп, зейнеткерлікке ертерек шығаруды ұсынған.          

Депутаттық сауалға жауап берген Асқар Мәмин зейнетке шығу жасы төмендетілмейтінін қадап айтқан еді. Ерлер 63 жастан, әйелдердің жасына 2027 жылға дейін жыл сайын алты айдан қосылып, 63 жасқа жеткізуді көздеген біздің елдің басшылары халықаралық тәжірибені, экономикалық жағдайды һәм демографиялық ахуалды алдыға тартып, төмендетілмейтінін жеткізген-ді.

Мәминнің жауабында Ресей 2028 жылға дейін әйелдер мен ерлердің зейнет жасын біртіндеп 5 жылға ұзартуды қолға алды деді. Әзірбайжан 60 жастан зейнткерлікке шығарып келсе, енді 65 жасқа дейін қарттарға жұмыс істететінін айтты. Грузияда ерлер 65-тен, әйелдер 60-жастан шығады, Беларусь елі де ерлерді 60 жастан 63-ке, әйелдерді 55 жастан 58-ге көтеруге жоспар құрғанын жеткізген премьер-министр А.Мәмин біздің елде зейнеткерлікке шығуды ұзарту мәселесін айдан алмағанын, әлемде қалыптасып келе жатқан осындай тенденция талабына орай іске асырылатынын көлденең тартқан.

Премьер-министр айтқан әлемдік тәжірибенің тереңіне біз де бойлап көрдік. Алдымен Еуропа құрылығындағы елдердің зейнеткерлеріне тоқталсақ. Осы құрлықта зейнеткерлеріне ханның қызындай күтім жасайтын ел – Дания. Бәз біреулер бұл мемлекет зейнеткерлікке қарттарды 67 жасқа толғанда шығарады деп уәж айтады. Қазба байлығы жоқтың қасы тек аграрлық салаға арқа сүйейтін бұл мемлекетте орташа өмір сүру жасы –73. Әлем бойынша алдыңғы отыз елдің қатарында тұр. 6 миллионға жуық халқының 70 пайызы қалалықтар.

Бодандықтың қамытын жауыр болғанша сүйреп, шведтерден әбден құқайды көріп, тұралаған экономикасын тек білім мен мәдениеттіліктің арқасында түзеп, озық елдердің қатарында тұрған Финляндияда елінде қартайған адамдар зейнетақым қанша болады екен, тұрмысыма жете ме, жетпей ме деп алаңдамайды. Еңбекке жарамды кезінде қанша жалақы алды соған сай шығады. Ал зейнетақысыны төмен болып қалса, мемлекет қосымша үстеме ақы төлеп отырады. Адамдарының самайын ақ шалып, әбден қартайғанда зейнетке жіберетін Еуропа құрлығында тағы бір ел бар: Норвегия.

Бұл елде жалақысы жоғары қызметкерлер – мұнайшылар. 2012 жылғы есеп бойынша бiр мұнайшы жылына 180,3 мың АҚШ долары көлемiнде еңбекақы алған. Ал қарапайым жұ­мыс­шылар жылына 160 мың крон (1 АҚШ доллары 8,60 крон) табыс табады. Бiр сөзбен айтқанда, Нор­вегия­да орташа жалақы алатын адам жылына 215 мың крон табады. Халықтың қамы үшiн билiктiң жасаған тағы бiр жақсылығы бар. Мысалы, сiз жұмыстан қысқарып қалсаңыз, мемлекет бiр жыл бойы сiздiң соңғы айлық жалақыңыздың 70 пайызына тең сомада әлеу­меттiк кө­мек көрсетедi. Содан да шы­ғар, Бiрiккен ұлттар ұйымының бiрнеше жылдан берi Норвегияда ғана жайлы өмiр сүруге мүмкiндiк мол деп ұйғарғаны.

169 депутаты бар (оның 38 пайызы – әйел) Норвегия стортингiндегiлердiң (парламент) һәм үкiметтiң негiзгi шұғылданатын шаруасы – елдегi жұмыссыздықпен кү­рес. Норвегияда жұмыссыздар 3 пайызға да жет­пейдi.

65 жастан бастап әр адамға негiзгi зейнатақы төленедi, егер ол еңбекке араласса, зейнетақысы да жоғары болады. Базалық зейнетақы алатындарға айлығының 80 пайызы төле­недi. Яғни сiз зейнетке шыққанға дейiн 5 мың еуро жалақы алып келсеңiз, қартайғанда соның 80 пайызын зейнетақы есебiнде алып отырасыз.

Елдегi ең төменгi зейнетақы алатындар жылына 27 мың АҚШ доллары көлемiн­де ақша алады.
Норвегия мемлекетi халықтың әлеуметтiк жағдайы­на жiтi қарайтыны сонша әрбiр шаңырақтың 17 жасқа толмаған баласына (әр үйдiң екi баласына) жыл сайын мемлекеттен 1620 АҚШ доллары көлемiнде жәрдемақы тө­ленедi. Норвег халқы орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша әлемде алдыңғы ондыққа кіреді.

АҚШ-та да зейнеткерлеріне ерекше қамқорлық танытады. Миллиардтан асатын халқын асырап отырған Қытайда зейнет жасы ер адамдар үшін 60, әйелдер 55 жастан шығады. Денсаулыққа зиянды, ауыр жұмыс істейтіндерді 50 жасқа жетсе болды бейнетке салмай зейнетке жібереді.

Ал енді өзімізге келейік. Қазақстанда орташа өмір сүру жасы – 67. Бұл көрсеткішпен біз әлем елдерінің арасында 128-орында тұрмыз. Елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасын был сайын ұлғайтып, 2027 жылы 63-ке жеткізу іске асып келеді. Әлеуметтік-тұрмыстық көрсеткішті Норвегия елімен салыстыра аламыз ба?

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматына ауырған, мүгедек болған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негізде ең төменгі жалақы мен зейнетақыға, жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі. Республикада зейнетақымен қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес жүзеге асырылады. Зейнетақы – бұл мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің және (немесе) жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдерінің және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің жиынтығы. Егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар" дейді ресми мәлімет.

Біздің елімізде жерасты қазба байлықты өндіретін кәсіпорындарда істейтін жұмысшылар да зейнет жасына ерте шыға алмайды. Мысалы көмір өндіруші компанияда істейтін кеншілер кейде мың метрден асатын тереңде көмір қазады. Жер астының суығы, ауа қысымы аз болғандықтан денсаулыққа зияны орасан. Ауа қысымының төмендеуінен адамның ағзасындағы қан көпіршікке айналады, өкпенің қабынуына, басқа да созылмалы ауруларға шалдығады.

1997 жылға дейін зейнеткерлік жас туралы заңға сай ауыр жұмыс істеген адамдарға жеңілдік беріліп, ерлер 50, әйелдер 45 жасында зейнеткер атанатын. Сол жылдан бастап демографиялық ахуал төмендеп, зейнеткерлердің қатары көбейіп кеткендіктен зейнетақы жүйесіне реформа жасалды. Поскеңестік елдердің ішінде Қазақстан алғаш болып зейнетақы жүйесін реформалап ауыр жұмыс істейтіндерге арналған жеңілдіктер жойылды. Бүгінде шахтерлер де зейнеткерлікке 63 жастан шығады. Жеті қат жердің астында жандарын шүберекке түйіп, өмір мен өлімнің ортасында еңбек ететін жұмысшылар 63-ке толғанда денсаулығына сан түрлі ауру жамап шығады жер бетіне.

Күні кеше Ақтөбенің мұнай кенішіндегі мұнайшылар бас көтерді. Айтар уәждері – әлеуметтік мәселенің түйінін шешу. Мұнай өндіретін аймақтың дәл түбіне тігілген қоста жатын қара алтын өндіруші жұмысшылардың шаштары ағарып, тістері түсе бастаған. Солардың дені әлі ер жасы елуге де толмаған. Денсаулықтың сыр беруіне мұнай өндіру кезінде шығатын улы газ залалын тигізіп отыр.

Парламент мәжілісінің депуттаттары елімізде зейнеткерлікке шығу жасын өсірмей, керісінше, төмендетуді талап етуі орынды. Жерінің асты да, үсті де қазба байлықтан кенде емес елімізде ер адамдарды 60 жастан, әйелдерді 55 жастан зейнеткерлікке шығарса да асырай қалатын қауқары жетеді. Депутаттардың да айтар уәжінің сүйенері осы еліміздің жыл сайын қарқын алып келе жатқан экономикасы. Статистикалық дерек бойынша елімізде бір миллион алты жүз мыңнан астам адам өндіріс саласында еңбек етіп, нәпақасын табады екен.       

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров