Баланың болашағы – елдің ертеңі

Express Qazaqstan
parentsunitedwi.org

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов қордалы мәселені көтерді. Мәжіліс отырысында халық қалаулысының қозғаған шаруасын "Экспресс К" оқырмандарының назарына ұсынамыз.

«ЮНИСЕФ зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 15,6 пайызы жағдайы өте төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Яғни, елімізде 1 миллион бала кедейлікте өмір сүріп келеді. Отандық ғалымдардың зерттеуінше, көпбалалы болу кедейліктің факторына айналып барады. Мәселен, тұрмысы төмен қазақстандықтардың 80 пайызының отбасында 5 және одан көп адам бар. Статистика бойынша, Қазақстанда көпбалалы 340 мың отбасы бар. Билік түсінуі керек, балалардың кедейлікте өмір сүруі ертең мемлекетті кедейлікке ұшыратады. Сәбилердің денсаулығына, білім алуына ерте салынған инвестиция болашақта саналы, бақуатты ұрпақтың өсуіне негіз болады. Бізде қазір балаға салынатын негізгі инвестицияның бәрі ата-ананың қалтасынан төленеді. Алайда, оның пайдасын көретін – мемлекет пен қоғам» деген Ерлан Валерийұлы Премьер-министр Асқар Мәминнен ана мен балаға көрсетілетін көмек пен берілетін жәрдемақы жайын жіті қадағалап, қайыра саралап, кем-кетігін бүтіндеуді сұрады. Мәжіліс депутаты елімізде ана капиталын жақсартуға күш салу керектігін айтты. Әрбір өмірге келген нәресте үшін 4 миллион 200 мың теңге берілсе, отбасының әлеуметтік жағдайы, басқа да мәселелері шешіліп, қалған қаражат ананың зейнетақы жинағына, баланың оқуына жұмсаулы қажет деді.

Біздің елдің экономикалық әлеуеті әр балаға өмірге келгені үшін 4 миллион теңге беруге қауқарлы ма? Жерінің асты да, үсті де қазба байлыққа бай Қазақстанның қазынасы бұдан ортайып қалмайтынын депутат та білген соң айтып отыр.

Әзірге ұсыныс күйіндегі мәселенің қалай шешілерін уақыттың еншісіне қалдыралық. Шынтауайтына келгенде бізде әрбір балаға өмірге келгеннен бастап мемлекет жәрдемақы төлейді. Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бойынша. Биылғы жылы айлық есептік көрсеткіш көлемі өсіп, 2 917 теңге болды. Жөргекпұл, жәрдемақы, зейнетақы, еңбекақы секілді адам капиталына төленетін ақылар да өсті деп тиісті мекемелер қомпайтып айтты. Өссе, қаншаға өсті, Атазаңында "мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, халқы" деп жазылған Қазақстанда ең қымбат қазынасына қанша төленеді? Есептеп көрелік.

Бала өмірге әкелген әрбір ана жұмыс істесе де, істемесе де әр нәрестені туғаны үшін берілетін бір реттік жәрдемақы алуға құқығы толық бар. Оның мөлшері 38 АЕК, теңгеге шаққанда 110 846 теңге. Бұл үш балаға дейін тапқан, яғни бірінші, екінші, үшінші баласын босанған аналарға беріледі. Төртінші баладан бастап көпбалалы деген статус алатын аналар төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, одан ары да ел демографиясына өлшеусіз үлесін қосамын деп оныншы баласын өмірге әкелсе де 63 АЕК – 183 771 теңге төленеді. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіш мөлшері өсетіндіктен, бұл сандар да көбейетіні белгілі. Егіз, үшем, төртем туған ананың әр баласына осылай есептеледі.

Енді бала күтімімен үйде отырған аналар қанша алады? Егер декреттік демалысқа шыққанға дейін ешқандай жерде жұмыс істеп, зейнетақы жинағына ақша салынбаса, былай есептеледі. Баласы бір жасқа толғанша бірінші баласына 5,76 АЕК – 16 802 теңге, екінші баласын тапса, 6,81 АЕК – 19 865 теңге, үшінші балаға 7,85 АЕК – 22 899 теңге, төртінші баланы туғандарға 8,90 АЕК – 25 962 теңге. Бес балалы болғанда бұл сома көбейеді, алтыншысын босанғанға да солай. Алты баласы бар жас отбасы ай сайын 70 154 теңгеге өмір сүреді.

Декреттік демалысқа шыққанша жұмыс істеп, нәпақа тапқан аналардың ай сайын алатын жәрдемақысы бұдан басқаша есептеледі. Мысалы айы күні жақындағанға дейін жұмыс істеген ананаың соңғы екі жылдағы тапқан табысын 24 айға бөледі, оны мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтеді. Шыққан соманы түгел ала алмайсыз, оның 10 пайызы зейнетақы жарнасына аударылады. Мәселен сіз екі жыл ішінде 2 миллион 500 мың теңге тапсаңыз, соны 24 айға бөлгенде 104 мың 166 теңге. Оны мемлекет бекіткен 0,4 коффициентке көбейтсек 41 666 теңге. Бұдан зейнетақы жарнасына 10 пайыз аударасыз. Сонда қолыңызға 37 499 теңге тиеді ай сайын.

Жұмыс істейтін аналардың туғанға дейінгі және туғаннан кейінгі мемлекет қазынасынан берілетін бір реттік жәрдемақысы бір жылдағы табысына қарай есептеледі. Декретке кеткенге дейінгі бір жыл ішінде 1 миллион 200 мың теңге таптыңыз. Осы соманы 12 айға бөлесіз. 100 мың теңгеден шығады. Оны мемлекеттік коэфициент 4,2-ге көбейтесіз – 420 мың теңге. Оның 10 пайызы, 42 мың теңгесі зейнетақыңызға аударылады, қалғаны өзіңіздікі. Бұл бір рет қана беріледі.

Алты бала тапқаны үшін "Күміс алқа", жеті балалы болып "Алтын алқа" алып, "Батыр ана" атанған, "Ана даңқы" медалімен марапатталған аналарға табысына қарамастан, ешқандай шектеусіз 6,4 АЕК – 18 669 теңге жәрдемақы төленеді. Мұның сыртында жеті балалы болғанда ай сайын 28,06 АЕК, яңни 81 851 теңге тағы алады.

Еуразиялық экономикалық одаққа біз секілді мүше болған Армения елінің басшылығы 2020 жылдан бастап жәрдемақы көлемін 6 (!) есеге бірден көбейтті. Бірінші және екінші баласын туғандарға 628 АҚШ доллары мөлшерінде жәрдемақы береді. Теңгемен есептегенде 263 мыңнан асады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Беларусь билігі бірінші балаға 472,92 Беларусь рублін төлейді. Теңгемен есептегенде 75 мыңның айналасындағы ақша.

Екінші баланың несібесі бұдан да қомақты, осылай өрлей береді балаңыз көбейген сайын алатын ақшаңыз да. Енді бала 3 жасқа толғанға дейінгі күтіміне деп осы соманы алып отырасыз. Ал біздің елде бірінші нәрестесін босанған ана баласы үш жасқа толғанша декреттік демалыс алуына құқылы, бірақ бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақыны (бір баласы бар аналарға тиесілі жәрдемақы 16 802 теңге) бір жыл ғана алады. Одан кейін тоқтайды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайловтың көтерген мәселесі өте орынды. Баланың болашағына бағытталған капитал елдің келешегінің керегесін қалағанмен бірдей.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров