Қазақстанның болашақ байлығының үш көзі мен екі ұрықтандыру мүшесі бар

Express Qazaqstan
Яндекс.Дзен

ЖЕЛБЕЗЕКАЯҚТЫ ТІРШІЛІК

Миллиондарыңызды әлі де сауда үйлері мен мейрамханаларға салып жүрсіздер ме? Онда қиялдарыңыз қисынсыз екен! Негізі, айналамызда жеті ұрпаққа жетерлік байлық жүзіп жүр ғой.

Айтқандай, жыл басында осы отандық ұсақ шаяндарды ұрлағаны үшін бірнеше адам ұзақ жылдарға сотталды. Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетіндегілер бұл туралы былай деп хабарлаған еді:

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен төрт сотталушы ҚР ҚК 234-бабы 3-бөлімінің 2-тармағында (экономикалық контрабанда), 264-бабының 1 және 2-бөлімдерінде (трансұлттық ұйымдастырылған топ пен трансұлттық қылмыстық ұйым құрып, басқарған, соларға қатысқан) және 214-бабының 2-бөлімінде (заңсыз кәсіпкерлік) қарастырылған қылмыстар бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылдан 10 жылға дейінгі әртүрлі мерзімдерге сотталды.

Осынша қатал жаза не үшін дейсіз ғой? Шаян үшін! Анығы, ұсақ шаяндар үшін! Әлгі сотталғандар сол шаянның салина артемия деп аталатын түрін контрабандалық жолмен Қытайға тасымалдамақ болған. Тауардың жалпы құны 470 миллион теңгеге жеткен. Шұғыл іздестіру шаралары кезінде көліктер ұсталып, олардан Қазақстаннан әкетуге тыйым салынған 400 тоннадан аса биоресурстар табылды. Сотталғандардың арасында біздің елдің де, Қытайдың да азаматтары бар.

Бұл жерде әңгіменің не жайлы екенін түсіну үшін биолог немесе, тым құрығанда, аквариумшы болуыңыз керек. Бірақ бұның қаржылық жағы да қызық боп тұр. Егер 470 миллионды 400 тоннаға бөлсеңіз, шетелдіктердің өте ұсақ шаянның әр келісін 800 теңгеден астам ақшаға сатып алуға дайын екенін байқайсыз. Ал енді бір сұрақ туады. Осы бір құнды тіршілік иесінің экспорты туралы біз неге Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпарынан емес, қылмыс хроникасынан білеміз? Мысалы, «Осы жылы Қазақстан әлемнің 30 еліне пәленбай теңге тұратын 20 мың тонна ұсақ шаян жеткізді» деген сияқты.

Бұл желбезекаяқты тіршілік иесінің 3 көзі, 11 жұп аяғы және 2 шағылысу мүшесі бар. Ұрғашылары әр 5-7 күн сайын 50-60 жұмыртқа береді. Олардан бір көзді дернәсілдер жарып шығады... Жалпы, бұлардың жыныстық өмірін осымен доғарайық. Ең бастысы, осы ұсақ шаяндар, егер оларға дұрыс қарайтын болсақ, ешқашан да таусылмайды. Қазір олар Қазақстандағы тұзды көлдерде қаптап жүр. Атап айтсақ, бұл – Теңіз, Балқаш, Ақсор, Маралды көлдері және Каспий теңізінің бүкіл шығыс жағалауы. Арал теңізі тартылмағанда, бұлар сонда да жүретін еді. Әрі ұсақ шаянға сульфаттық, карбонаттық, күкіртсутегі мол, оттегі аз өлі суларды жөн көреді. Не болса соны жей береді.

Артемияның химиялық құрамында барлық дерлік құнды биологиялық заттар бар. Олар – ақуыздар, нуклейн және май қышқылдары, дәрумендер. Қызғылт қоқиқаздың түсі сол артемияны жегеннен бөлінетін каротиноидтан пайда болған.

Ұсақ шаян барлық салада қолданылады десе де болады. Әсіресе, медицинада, косметологияда, балық шаруашылығында керек. Ол – балыққа таптырмас азық. Артемияны адам да жей алады. Америкадағы Үлкен тұзды көлден Нілдің сағаларына дейінгі аралықты мекен еткен адамдар ежелден бері осы ұсақ шаянды азық етіп келеді.

Бұл шаян ешқандай күй талғамайтындықтан, оны табиғи көлде де, тоғанда да, жасанды бассейнде де өсіре беруге болады. Аквариумшыларға арнап тіпті үйішілік инкубатор құрылғылар жасап шығарылған.

Ресейде артемия Қалмақстанда шығарылады. Зауыт иесінің айтуынша, оны шет елдерге сату жағынан ешқандай түйткіл жоқ.            

Ұсақ шаянды әлемдік нарыққа негізгі шығарушы – АҚШ. Бірақ оларда тым қымбат. Еліміздегі кәсіпкерлерге соны неге пайдаланып қалмасқа?

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров