Елімізде автогаз қымбаттады

Express Qazaqstan
kolesa.kz

Еліміздің батыс өңірінде автогаз қымбаттады. Себебі 1-ші наурыздан бастап мемлекет сұйық отын құнын бақыламайды. Газ бағасын еркіндікке жібергені сол-ақ еді Маңғыстауда көгілдір отын 15-20 теңгеге қымбаттап кетті. Ал Атырау бекеттерінде сұйық отын саудасы мүлде тоқтады деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Күні кеше ғана литрі 55 теңгеден сатылған автогаздың құны Ақтауда 70 теңгеге бірақ көтеріліпті. Себебі бүгіннен бастап көгілдір отын бағасы еркін айналымға жіберілді. Демек бұдан былай газ сататын кәсіпкерлер көлікке қажетті отынды қанша қымбаттатса да ешкім қой демейді.

«Бағаны төмендетуді сұраймыз. Себебі, қазір бензин де қымбат, дизельде қымбат. Қазір жүргізушілердің көпшілігі көлігін газ көшірді. Себебі газ арзан. Егер газдың да бағасын өсірсе қайтеміз»- деп, күйінді Ақтау қаласының тұрғыны Арман Азанов.

Автогазды еліміздің батыс өңірінде тұратын көлік жүргізушілері көп тұтынады. Себебі бағасы бензинге қарағанда үш есеге арзан еді. Енді ол да қымбаттады деп қамығып отыр жүргізушілер. Ақтөбедегі бекеттер әзірге әліптің артын бағып, 4-5 теңге ғана қосып отыр.  

«Газдың көтерілуіне қарсымыз. Себебі бұл шикізат өзімізден шығып жатыр. Шетелен сатып алып жатқан жоқпыз. Өзімізден шығып жатқан газ не себепті қымбаттайды?»-деп күйінді Ақтөбелік жүргізуші Мейіржан Имжаров.

Ал Атырауда автогаз сатуды бекеттер тоқтатып қойған. Айналдырған 2-3 жер ашық. Таң атысымен көгілдір отынның қымбаттайтынын естігендер сонда ағылып жатыр.

«Таңнан бері осы газдың кезегінде тұрамыз. Оның үстіне қымбаттап жатыр. Өзіміз осы мұнайлы астананың, мұнай мен газдың үстінде отырып алып, жағдайымыз осындай. Енді қазір жол жүруіміз керек. Білмеймін, қай уақытта болады? «Таусылып қалуы мүмкін» деп қорқытып отыр дейді Атыраулық Жәнібек Атшыбаев.

Осы күнге дейін энергетика министрлігі әр өңірге әлеуметтік газ бөліп келді. Енді оның мөлшерін азайытып, жыл соңында мүлдем тоқтатпақшы. Сол кезде автогаз электронды биржамен ғана сатылатын болады. Көтерме бағасы да сол арқылы реттеледі.

«Сұйытылған мұнай-газдың сәуірден бастап бүгінгі күні 25 пайыз биржаға кетсе, 5 пайыздан бастап жыл соңына дейін 100 пайыз толық биржаға кетеді. Енді әлеуметтік газ болмайды»- деп түсіндірді Ақтөбе облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Автогаз сататын бекет иелерінінен бастап, шенеуніктер де сұйық отынның құны қаншаға дейін көтерілетінін білмейді. Осы салаға жауапты қауымдастық басшылары бензиннен қымбат болмайды деп сендіреді. Себебі, бағасын тым асырса, көлік жүргізушілері газды сатып алмайды деп отыр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров