Елімізде бензин қымбаттады

Express Qazaqstan
pixabay.com

Еліміздің біраз өңірінде бензин бағасы шарықтап барады. Айналдырған екі-үш күнде жұрт көп тұтынатын АИ-92 маркалы жанармай он теңгеге қымбаттаған. Көлік отынының құнын ұстап тұруға жергілікті билік қауқарсыз. Ал энергетика министрлігіндегілер мұны заңды құбылысқа балайды. Тіпті бензин бағасы әлі де біраз өседі деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қарағандылықтар қазір АИ-92 маркалы бензиннің литрін 159 теңгеден алып жатыр. Бұл тек облыс орталығында ғана бес теңгеге қымбаттаған. Ал аудандарда он теңгеден қосқан. Тұрғындар жанармай құны өссе, өзге қызмет түрлері мен азық-түлік те қоса қымбаттайды деп уайымдап отыр.

«Енді ол бензиннің бағасы қымбаттады деген ол ертең ба барлығы қымбаттайды деген сөз ғой. Қазір онсыз да барлығы қымбаттап жатыр. Бензин бағасы қымбаттағасын тасымал, автобустың, билеттердің бағасы қымбаттайды. Азық-түлік бағасы қымбаттайды»-дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Әлішер Серіков.

Оралда да жанармай бекеттеріндегі баға өзгерді. Демалыс күндері 153-154 теңге тұрған АИ-92 маркалы бензин мұнда да 159 теңгеден сатылып жатыр.

«Он теңге болғанымен білінеді де оның бәрі. Өзім 92-ші маркалы бензин құямын. Соның өзінде қалтадан соғады. Айына бір 25-30 мыңдай жұмсаймын. Енді одан да көп шығатын болар шығар деп ашынды»- Оралдық Аслан Хамитов.

Ел бойынша ең арзан бензин Ақтөбеде сатылатын. Өйткені автогазбен жүретін көлік көптігінен жанармайға сұраныс аз. Күні кеше бұл жақта АИ-92 140-41 теңгеден сатылған. Енді қазір 150 теңгеден төменін таппайсыз. Ақтөбелік шенеуніктер жанармай құнының қымбаттауын теміржолдағы бензин тасымалының көтерілуімен байланыстырады.

«Темір жол тарифі көтерілген және көтерме сатып алушылар бағасын көтерді. Жанармай жеткізушілер бір тоннасын 7 мың теңге қымбаттатты»- дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.

Мұнай-газ саласының сарапшылары бұл қымбатшылықтың басы ғана дегенді айтады. «Былтыр мұнай құны әлемде үш рет арзандады. Бірақ неге бізде бензин бағасы төмендеген жоқ? Себебі, сол кезде де , қазіргі күні де жанармайдың құны ішкі нарықта өз құнынан төмен бағаланып отырды. Қазір шығын жағынан есептеп қарасақ, жанармай мен сұйытылған газдың бағасы өз құнынан арзан екенін байқаймыз. Демек бензин құны әлі де көтеріледі»- деп болжайды мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байделдинов.

Қазір еліміз бойынша көлік жүргізушілері арасында сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің ең қымбаты солтүстік пен шығыста. Семей мен Қызылжар тұрғындары оның литрін 164-165 теңгеден сатып алып отыр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров