АҚШ-тың Орталық Азияда күтпеген жерден жаңа жобаны бастауының астарында не жатыр?

Экспресс К
kazakh-tv.kz

Жыл басында АҚШ, Қазақстан және Өзбекстанның бірлескен жаңа жобаны бастағаны туралы айтылды. Ол – Орталықазиялық инвестициялық серіктестік. Енді DFC халықаралық даму америкалық қаржы корпорациясы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі бес жылда жеке бизнеске шамамен 1 миллирд доллар тартуды көздеп отыр. Инвестициялық серіктестік – бұрынғы Кеңес одағы кеңістігінде өзара әрекет етудің сирек ұшырасатын форматы. Енді ол қалай және қандай салаларда жүзеге асырылуы мүмкін?

– Бұл жобаның қалай жүзеге асырылатынын әзірге тек болжап қана біле аламыз, – дейді экономикалық шолушы Сергей Домнин. – Бұл жерде серіктестік деп үш тарап өкілдерінің Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы жобаларға бірлесіп ақша салу жайын келісуіне қатысты бастаманы айтуға болады. Бірақ ол үшін қор түріндегі заңды тұлға құрылмайды. Мұндай форматпен экономиканың кез-келген секторына инвестиция құюға болады. Сөйте отырып, штат жасақтауға, аудитке және басқаларға көп шығындалмайды.

Тараптардың бірлескен мәлімдемесіне қарағанда, инвестиция инфрақұрылымдық жобаларға салынбақшы. DFC корпорациясының инвестициялық жұмысы кедейлерді қорғау мен гендерлік теңсіздікті азайтуға бағытталған. Сондықтан сарапшы бұл жерде ауыл шаруашылығы мен әйелдер кәсіпкерлігіне басымдық беріледі деп санайды. Туризм де қосылуы мүмкін. Елімізде DFC-дің жалпы құны 21 миллион доллар болатын төрт жобасы әлден-ақ бар. Ақша нақ сол әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы секторы мен туризмді микроқаржыландыруға бөлінген. Сондай-ақ, DFC Өзбекстанда туристік жобаны қолдауға 800 мың доллар берген.

Екі бірдей ел үшін бес жылға 1 миллиард доллар аса көп емес, әрине. Сондықтан бұл жобаның экономикалық жағынан гөрі саяси жағы басым деген болжам жасауға болады. Сергей Домнин мұны былай түсіндіреді:

Бұл жоба АҚШ Орталық Азияға 2015 жылы ұсынған C5+1 форматы аясында жүзеге асырылуы тиіс еді. Алайда инвестиция жағынан қолдау күтіліп отырған Америка тарапы бұл форматта ешқандай да арнайы механизмді ұсынған жоқ. Ендігі бастама соның орнын толтыруға бағытталған сияқты. АҚШ-тың мемлекеттік даму институттары Қытай мен Ресей сияқты аталған аймаққа мол қаржы салмайды, аяғы сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғуы мүмкін мегажобаларға жоламайды. Бірақ, DFC-ден көріп отырғанымыздай, олар теңсіздік пен кедейлікті азайтуды мақсат ететін инвестицияларды жөн көреді. Бұл – саяси жағынан тиімді тәсіл.т

Сергей Домнин бұл бастаманың Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық қарым-қатынасы жақсарған тұста жария етіліп отырғанын айтады. 2016-2019 жылдар аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 82 пайызға артып, 1,5 миллиардтан 2,7 милллиард долларға жеткен. Бұл саудадағы кейбір шектеулер алынып тасталғаннан кейін жаңа мүмкіндіктердің ашылуына байланысты болып отыр.     

Алайда сауда саласындағы кедергілер әлі де жеткілікті. Сондықтан аталған елдер үкіметтерінің екіжақты ынтымақтастық саласындағы ендігі негізгі міндеті – сол кедергілерді жою. Бұл салааралық кооперациялардың трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді, – дейді Сергей Домнин.

Бірақ осы жоба неліктен тура америкалықтардың сыртқы саясатты ойлауға мұршасы болмай тұрған шақта пайда болды? Бәлкім, бұл ой біздің аймақ арқылы Қытайға қарсы тұру саясатынан туындаған шығар? Саясаттанушы Рустам Бурнашев бұл жерде, әрине, Қытай факторы да бар деп есептейді. Ал бастаманың АҚШ-тағы ішкі саяси ахуалдың шиеленіскен шағында пайда болуында тұрған ештеңе жоқ. Бұдан Вашингтонда ешқандай өзгеріс бола қоймайды.

– Серіктестік құрылғаны туралы мәлімдемеде бұл пандемияға байланысты көмек деп нақты айтылған, – дейді Рустам Бурнашев. – Аталған аймақта ең алдымен шағын және орта бизнеске көмек көрсетіледі. Негізі, батыстағы серіктестеріміз 1990 жылдардың басына оралғысы келетін сияқты. Ол кезде бұлар аймақ елдеріне бизнесті дамыту, мысалы, микроқаржыландыру арқылы қолдау көрсетуге тырысты. Бұл америкалықтарға не үшін қажет? АҚШ алып ойыншы болғандықтан, олар біздікі сияқты шалғай өңірдегі жағдайдың тұрақты болуына мүдделі. Өйткені сонау жерден осында келіп, күрделі мәселені шешіп отырғысы келмейді.

Мұндай жоба аймақтың басқа елдеріне де бұйыра ма? Кезінде Кеңес одағының құрамына кірген Орталяқ Азияда бұрын-соңды мұндай болған емес. Десе де, аймақтық ынтымақтастық туралы үнемі айтылатын. Саясаттанушының ойынша, мәселе осында болып тұр. Әйтпесе, С5+1 сияқты платформадағы жобаны іске асырудың қажеті не? Оның үстіне Құрама Штаттардың қазіргі саясаты мен Өзбекстанның саясатына қарап отырсақ, бұл жобаға Ауғанстан да тартылады деп долбарлауға болады. Бірақ нақты болжам айту да қиын. Өйткені келісім тым көмескі. Рустам Бурнашев тіпті ақыр аяғында АҚШ-тың «уәде беру керек, бірақ төлеудің қажеті жоқ» дейтін әдетіне басуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Яғни әлдебір келісілген саяси процесс жүргізіле бастайды. Алайда шын мәнінде оған ешқандай қаржы құйылмауы мүмкін. Ал кейін бәрі ұмытылады. Мұндай жағдайлар болған, – дейді саясаттанушы.

Бірақ инвестициялық серіктестік шынымен жүзеге аса бастаса, ол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қандай салаларда жүргізілуі мүмкін? Сарапшы ықтимал үш бағытты айтып отыр. Олар – жер жағдайын жақсарту, құрылыс материалдарын шығаратын бірлескен кәсіпорындар ашу және Қазақстаннан Өзбекстанға астық тасымалы мәселесін шешу. Ташкенттің қазақ бидайын әлі де ала бергісі келетіні белгілі. Ал Нұр-Сұлтан көрші елге оны ұн қылып жеткізгенді жөн көреді. Бұл қарама-қайшылықты консорциумдар мен ортақ кәсіпорындар құру арқылы шешуге болады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров