Ұлыбританиялық фермер бие сүтін сатуды жолға қойды

Экспресс К
instagram.com/combehaymaresmilk

Ұлыбританиялық 62 жастағы фермер Фрэнк Шеллард өз елінде тұңғыш рет бие сүтін өндіруді қолға алды. Ол осы емдік қасиеті бар сусынның небары 250 грамын 6,5 фунт стерлингке сатады. Біздің ақшамен бұл 3 800 теңге болады.

Шеллардтың фермасы Соммерсет графтығының Комб-Хэй жер иелігінде орналасқан. Қазақ өлшеміне салсақ, ағылшынның қолындағы бір үйір түк те емес. Онда небары 14 бас жылқы бар. The Times басылымының хабарлауынша, Шеллард мырза бие сүтінің пайдасы туралы Бельгияда жұмыс істеп жүрген кезінде білген. Алдымен оны өзіне сынап көруді жөн деп тапқан. Қазір ол күніне саумалдың бір литрін ішеді. Және қызы мен жиенін есекжемнен осы бие сүті айықтырды деп отыр.

Фрэнктің айтуынша, саумалдың дәл осы емдік қасиеті оның клиенттерін көбейтеді. Қазірдің өзінде оны тұрақты түрде алатын 150 адам бар екен. Десе де, ағылшын фермері отандастарының әлі де сиыр сүтіне құмар екенін айтады. Ал бұл әдетті өзгерту оңайға соқпайды. Оның үстіне Шеллард сиыр сүтінің соншалықты кең таралуына мықты маркетинг әсер етіп жатыр деп есептейді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров