Виктор Цойдың «Звезда по имени Солнце» әні Тараз туралы ма?

Express Qazaqstan
Виктор Цой / meme-arsenal.com

Виктор Цойдың әйілі әндерінің бірі – «Звезда по имени Солнце» Тараз туралы болуы мүмкін. Мәскеулік сазгер, диджей және «Откуда ноты растут» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Николай Крупатин осындай болжам жасады.

Крупатиннің айтуынша, бұл болжам музыкалық жиындарға қатысушылармен арадағы әңгімеге және ғаламтордағы жарияланымдарға негізделген. Цойды пір тұтатын ол осының бәрін ұзақ уақыт бойы бақылаған.

Енді Крупатиннің деректеріне тоқталайық. «Звезда по имени Солнце» әнін Цойдың 1987 жылы режиссер Рашид Нұғмановтың пәтерінде отырып шығарғаны мәлім. Бұл «Ине» фильмін түсіріп жатқан кез болатын.

Былайша айтқанда, еліміздегі ең көне қалалардың бірінің тарихы Викторға керемет әсер берген. Аталған фильм Таразға жақын жерде түсірілді ғой. «Бұралаң жолда орналасқан қала» дегені – біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда негізі қаланған осы шаһар, – деп есептейді Крупатин.

Әнде «Күн атты жұлдыздың астында екі мың жыл өткізген қала» деген де жолдар бар. Бұл да осы шаһардың жағдайына келіп тұр.

Қайта құру жылдары Жамбыл (қазіргі Тараз) Қазақ КСР-інің қылмыстық қаласы атанды. Көне қалада тұратын талай жастың өмірін қиған қанды қырғындар болды. «Себепсіз соғыс, Соғыс – жастар ісі» деген жолдар осы жағдайға келеді. «Ал қала үстінде сары түтін» дегені Жамбыл фосфор зауытына меңзеп тұр.

Музыкант өз айтқандарының бәрін болжам ғана деп отыр. Мұны құжатпен растау немесе жоққа шығару мүмкін емес. Оның үстіне Виктордың өзі ән сөзінің мағынасын түсіндіруді ұнатпаған. Сондықтан оны пір тұтушылар әлі күнге дейін мәтін мағынасына қатысты түрлі ой айтып, тіпті дауласумен келеді. Бәлкім, енді Таразда кинодағы Василий Алибабаевичпен қатар «Кино» тобының көшбасшысына да ескерткіш орнату керек шығар?

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров