Ақтөбелік жігіт тіс шұқығышпен планшетке сурет салады

Express Qazaqstan

ӘУЕСҚОЙ СУРЕТШІ АСЫЛАН ҒАББАСОВ

Маған суреттің тура фотодағыдай дәлме-дәл, өте мінсіз болғаны ұнамайды, – дейді суретші. – Ол табиғи қалыпта болуы керек. Яғни жағылған бояу, аралас түстер, майлы және акварелдік бояулар көрініп тұруы тиіс. Айтқандай, кәдімгі майлы бояу өте қымбат. Ал планшетте оның неше түрі толып тұр. Қазіргі кескіндеме бағдарламасындағыдай өте көп қылқалам бұрын менде ешқашан болған емес. Сондай-ақ, енді картинамның кей жерін кез-келген сәтте түзей аламын. Ондайда «фотошоп» маған көмек болады. Жалпы, дәстүрлі әдіспен сурет салу жаяу жүргенмен тең, ал планшетке салу көлікпен жүргенмен бірдей.

Әуесқой суретші Асылан Ғаббасов анимациялық кейіпкерлердің суретін қала көріністерінің үстіне салады. Яғни виртуалдық кенеп пен қарындаш арқылы ерекше өнер жасалуда.

12-ші ықшамауданда орналасқан аялдамадағы шыршаны сақалды ергежейлілер безендіріп жатыр. Сулы жасыл бульварда су бар екен. Бірақ бұл суретте ғана бар. Ал Шернияз көшесіндегі қақпа алдында қолшатыр ұстаған алып сұр мысық тұр.

Қаланы жәй әншейін сала салу маған қызық емес, – деп күлді осы суреттердің авторы. – Ертегі жасағым келеді. Бірақ мен дайын анимацияны алмаймын. Сондықтан кейіпкерлерді өзім ойлап табамын. Суреттің мағынасы солардың көзінде тұрады.

Асылан Ғаббасов болашақ картиналарына қаланың ең ерекше жерлерін іздеумен жүр.

Маған Шернияз көшесіндегі қақпа керемет ұнайды, – дейді ол. – Ақтөбеде ерекше нысандар сонша көп емес. Ал қаланың кеңес кезінде жасалған ескі бөлігі көзге жылы көрінеді. Әлгі қақпаға алып мысық пен әдемі қыз жараса кетті. Үйімде мысық бар. Ол үнемі күн шуағына ұмтылады. Суреттен жылы леп есіп тұрғаны айқын. Жилгородок деп аталатын көрікті аудан бар. Менің картиналарымда ол да болады.

Осындай сыйқырлы суретті салу үшін 27 жастағы суретшіге планшет қана қажет. Десе де, Асылан бұрын диджитал әдіспен сурет салуға болатынына күмәнмен қарағанын жасырмай, былай деп ағынан жарылды:

«Фотошоп» дегенді бір фотоға екіншісін қосасың, сосын әрлейсің, сонымен бітті деп ойлайтынмын. Бірде YouTube порталынан спидпейнттер, яғни планшетке жылдам сурет салу туралы роликтерді көрдім. Осындай форматты жасап көргім келді. Ең арзан планшетті тапсырыспен алдардым. Өйткені бұл істен тез жалығатын шығармын деп ойладым. Алғаш кіріскенде қолым дірілдеп, әлдебір нәрселерді шимайлай бастадым. Өте нашар еді. Бірақ маған осы тәсіл ұнады. Планшетте жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Кейін экранның бетін сырып тастайтынымды түсіндім. Ақтөбеден қорғаныш үлдірін табу өте қиын. Сондықтан үлкен планшеттің үлдірін кесіп салып берді. Сосын сурет салатын стилусымның ұшы тез желініп қала берді. Бір жиынтықта үш данасы ғана бар. Оны апта сайын ауыстырып отыру мен үшін тым қымбатқа түседі. Содан қалтасы жұқаларға арналған кеңестерді қарап шықтым. Онда қарындашқа тіс жұқығышты тығып пайдалануға болатыны айтылды. Ағаштың ұшы тез желінбейді. Сөйтіп, бір жыл ішінде екі тіс шұқығышты ғана ауыстырдым.

Асылан Ғаббасовтың суреттерінің ерекше қылқаламмен салынғанын бірден біле алмайсыз. Виртуалдық сурет өнерінің құралдары дәстүрлі қарындаш пен бояудың бітіміне сай келіп тұр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров